ерер. Тәуекел! Бір кезде ойланбай шешіп, соқыр қатыгездікпен қиналмай қаңғытып жіберген қызының соңынан енді «тәуекел» деп аттануға тура келді. Жұрт көзіне түспес үшін олар жолсызбен жүріп, Қыжымкүл тұрақтаған жерге жарық барда жетсе де елдің ас-су ішіп болуын ауыл сыртында күтті. Қымқаның үй іші кешкі ыстық қауметті жаңа ғана ішіп болып, төсек қамымен у-ду болып, жатқан-ды. Балалардың бірі жастыққа, бірі көрпеге таласып, бірі жылап, бірі күліп, оған Қымқа ара түсіп, аядай үй әдеттегісіндей қанбазарға айналған. Толассыз айғай-шу әлдекімнің терезе орнына тұтқан қанар-қапты қамшының сабымен түк-түк қаққанын да есіттірмеді. Сонау ақырамаштың алғашқы суығында-ақ терезеге тұтылған қанар қап су тиіп, енді қатты аяздан түйенің мойнағындай сіресіп қатып қапты. Келген адам қап әйнекті тағы ұрды. Терезеге жақын тұрған ересектеу Оспан селт етіп, сыртқа үрейлене құлақ тікті. «Түк-түк-түк». — Апа, апа деймін, қап әйнекті біреу қағып тұр. — Жібер деймін-әй, Қоспан, сенің есің бар ғой, жібер. Жыртатын болдыңдар ғой өзі іріп тұрған жастықты. Әкесінің дәулеті тасып тұрғандай… — Апа, апа деймін… — Е, не болды, адастың ба? — Қап терезені біреу қағып тұр. Үй ішіндегі шу пышақ кесті тыйылып, әркім тұрған-тұрған жерінде қатып қалды. Бәрінің құлағы сыртта, көздері қанар қапта. «Түк-түк-түк-түк». Сырттағы кісі бұл жолы қаттырақ соқты, дыбыс айқын естіліп қап-әйнекке қатқан қыраудың оймақтай тұсы сетінеп түсе бастады. — Ойбай, дуана келді! — Оспаннан басқа балалардың бәрі қолдарына іліккен көрпе мен шапанды алып, бұрқ-бұрқ жата кетті. Пеш жанында бесікке асылып баласын емізіп отырған Қыжымкүл кеудесін көтеріп, баланың бетін жапты да, осы үйдегі балалардың бәрі жатып шыққан ескі жиде бесікті сықыр-сықыр тербете бастады. Қымқа таңданғандай ернін бір сылп еткізіп, ауызғы үйге беттеді. Есікті іштен тіреп қойған сырықты алып жатып, «бұл кім?» деп дауыстады. — Бәйбіше, қорықпаңыз. Балталыдан келе жатқан мырзалар едік, ашыңыз, — деді сырттағы адам жайдары, қоңыр дауыспен. Қымқа есікті ашты да кейін шегінді. Бастарына желкесін көмген жаутұмақ, үстеріне қалың ішік киген екі бейтаныс бірінен соң бірі ішке кіріп сәлемдесті. Түрлері жат, бұл маңнан көрген адамдарына ұқсамайды. — Жолымыз түсіп, түнделетіп келіп қалдық, — деді жастау біреуі мұртының қырауын алақанымен сүртіп жатып. — Айыпқа бұйырмасаңыз келген жұмысымызды үйге кіріп айтсақ деген ойымыз бар. Қазір ұры-қары мен жүргінші қаптап кетті ғой, қорықпай-ақ қойыңыздар, біз олардың бірі де емеспіз. –Ойбай, ежіктеп түсіндіріп жататын не бар, мұсылман баласымыз ғой, кіріңіздер, кіріңіздер. — Қымқа маналы бері аңырайып тұрып қалғанына енді ғана ыңғайсызданғандай бәйек болған ниет танытып ішкі үйге лып етіп кірді де, әр жерде шапан мен көрпе астынан сығалап жатқан көп көздерге: «Әй тұрыңдар, үйге кісі келді» деді. Әрі
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61