көнбіс, әрі пысық кедей балаларына тән мінезбен, әлгінде ғана үрейленіп жатқан олар ләм деп қарсы келместен орындарынан ұшып-ұшып тұрып, пеш жанынан тізіліп орын алды. «Кісі келді» деген сөз бесіктің бірқалыпты сықырын да кілт тоқтатып, оны тербетіп отырған Кыжымкүлді де әбірге салып кетті — ол мыжылған көйлегінің ашық омырауын түймелеп, желкесіне ысырылған орамалын тез-тез қайта тарта бастады. Қонақтар ішкі үйге аяқ аттаған бетте бесік жанында нымшасын түймелеп тұрған әйелге көз тоқтатып ұзақ қарап қалды. Келген кісіге кірпік көтеріп тура қарамай үйренген қазақы мінезбен Қыжымкүл оларға назар да аудармай қастарынан өте бергенде, Дәулетбайдың жүрегі шым ете қалды. Өз қызы, өз перзенті! Құдай-ау, не боп кеткен, қандай күйге түскен! Келіп тұрған адамның бірі өз әкесі екенін білгенде селт етіп мейірімі оянар ма, оянбас па? Іштен шыққан өз балаң қанша күнәкар болса да өзіңе ыстық екен ғой, оны екінші еске алмаймын, бетін де көрмеймін деп қанша теріс айналғаныңмен кеудеңнің бір қуысында оған деген әкелік сезім ұшқыны өзіңе де білінбей жасырын жата береді екен-ау! Қызын көрмеген бір жарым жылдай уақыттың ішінде Дәулетбай оны сағынды ма, сағынбады ма, ол жағын еске түсіре алмады, ал қазір, тап қазір — қызы жанынан өте шыққан тұста ішкі дүниесі бүлк етіп, суық жүрегі от тиген мұздай еріп сала берген секілденді. «Осы үй екен, — деді жол бастап келген жігіт оған қарап, күбір етіп. — Таныдыңыз ба?» Дәулетбай көзін жұмып «таныдым» дегенді аңғартты да асығыстық жасап алып жүрмесін деп «сабыр сақтайық» деді сыбырлап. Төрге көрпе салынып, қонақтар сонда жайғасты. Қабырғаны аямай жаралап жүріп қағылған жалпақ тақтай үстінде білтелі шам болар-болмас жылтырайды. Жарығының әлсіздігі сондай, пеш жанында отырған балалардың түр-түсін анықтап та көре алмайсың. Қыжымкүл пешке от жағып, Қымқа қазанға су құйды. Сонан соң дәлізден екі жапырақ ет әкеп, қазанға салғанда түйе бойламас суға асық лақтырғандай, онысы шіпілдеген қазанның жұмырына жүк болмай шым батып кетті. — Жеңгей, түн жарымында асқа әуре болмаңыз, — деді әлгі кісі баяғы қоңыр дауыспен. Сыртта тұрған кезіндегі «бәйбіше» дегенді ішке кіріп, жайғасқан соң «жеңгеймен» ауыстырды. Майсіңді қара қақпақты жаба берген Қымқа «асқа әуре болмаңыз» деген сөзді естіп төр жаққа аңтарыла қарап тұрды да: «Ойбай-ау, бұларыңыз қалай?» — деді. — Беймезгіл уақытта балаларды пеш түбіне қуып әбіржітпейік. Бізге бой жылытатын шай-пайыңыз болса да жарайды. Асығыс шаруамыз бар, соны сөйлескен соң қайтсақ деген ойда едік. Күйеуінің бар кезінде де бұл үйге қонақ көп келе бермейтін. Беймезгіл шақта босағасын аттаған мына кісілердің киген киімі мен сөз саптастарына қарап жай адам емес екенін ұққан Қымқа балалардың төсек қамын қонақтардың ас қамымен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61