ТІРШІЛІК

ренішсіз, қуана алмастырып еді. «Асығыс шаруамыз бар» деген сөз оның жүрегіне күдік тастап, секемшіл көңілін суық ой аралап өтті. Ол сонда да болса қарсылық танытып «бұйырған дәм шығар, отырыңыздар» деп көріп еді, қонақтар тым салқын, шаруабасты кейіп танытқан соң Қыжымкүлге қарап: «Қайтеміз, шәй қояйық ендеше», — деді. Ол аузын жиып болғанша төр жақтан: «Соларыңыз дұрыс», — деген мақұлдау да келіп жетті. Қымқа нан шолпымен қазандағы мол суды сүзіп жүріп әлгінде салған екі кептердің қалжасындай екі жапырақ етті әрең тауып табаққа түсіріп алды да, дәлізге қайта алып шығып кетті. Қазанға ет түскенде жымыңдап қуанып қалған пеш түбіндегі балалар қазандағының қапқа қайта кеткенін көріп көңілдері пәс боп қалды. Қымқа шығып кеткен соң әлгі кісі Қыжымкүлге: — Айналайын-ау, менің дауысымды танымадың ба? — деді. Қыжымкүл пешке жыңғыл сала беріп дауыс шыққан жаққа қарап еді, төрде отырғандардың өз әкесі мен өз ауылының адамы екенін танып, отынды пешке ұмсынған бойы көзі шарасынан шығып, жай соққандай сілейіп отыра кетті. Келесі бір сәтте ұшы жанып үлгірген жыңғыл ошақ алдына шашылып, ол қасындағы бір құшақ отын үстіне қисайып құлай берді. Сабырлылығымен кісі өлтіретін төрдегі екеу шыдай алмай ұшып тұрып, оған қарай жүгірді. — Сабыр сақта деп едім ғой мен саған. Кім екенімізді айта алмас мылқау боп қаламыз деп пе ең? Көтер басын! Құдай өзің сақта! Көрпеге алып жүр. Балалар, анталамай былай тұрыңдар. Қайтып кірген Қымқа бір дем ары, бір дем бері уақыттың ішінде мынадай абыр-сабырдың үстіне түскеніне сенерін де, сенбесін де білмей, табалдырық маңында қалшиып қатты да қалды. Қонақтардың онымен ісі де жоқ, Қыжымкүлдің басына жастық қойып, төрдегі көрпеге жайғастырып жатқызып жатыр. Қымқа өзіне-өзі әрең келіп: — Құдай-ау, бұл не сұмдық! — деп айқайлап жіберді. — Апа, әпшем есінен танып құлап қалды. — деді Оспан жылап. Ол жылаған соң өзге балалар да шулап қоя берді. — Есінен танғаны несі, құдай-ау, жаңа ғана киіктей қақаңдап жүрген адам неге есінен танады! — Қымқа екі кісіні екі жаққа ысырып, Қыжымкүлдің қасына жетіп барды. — Жаратқан-ай, өзің жар бола гөр, әйтеуір. Бұ бейбақ тәлкегіңді аз көрді деп пе ең, бұл қай қырсығың тағы да. Оспан, мұздай су әкеле қойшы, тез. Екі кісі шеттеп қалды. Мына әйел бұларды өз қыздарына маңайлататын емес, кимелеп кіріп, кеуделеп бара жатыр. Қыжымкүлдің маңдайын ұстап, жастығын түзеп, соның жолында үгітіліп кетуге дайын сияқты. — Ойпырмай, дәл қонақ келгенде… Әй, Оспан, бір ұрттам суға бола құдық қазып жатырсың ба, болсаңшы! — деп ол есік жаққа қарай беріп еді, маңдайымен ұсынылған тостақты қағып, судың жартысын көрпеге жалп еткізді. — Көтек!..

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61