ТІРШІЛІК

Жөндеп әкелмейсің бе, шырағым-ау… Ойпырмай, табан астында… Бісміллә рахымман рахым… — Қымқа судан екі ұртын толтыра ұрттап алып, Қыжымкүлдің бетіне екі-үш дүркін бүркіп-бүркіп жіберді. Ол көзін ашты да, өзіне төніп тұрған үш адамға сүлесоқ, солғын қарады. Сонан соң көзін қайта жұмды. Өзін көрген кезде қызының тап осылай есінен танарын, есінен танбаса да кездейсоқ қуаныш пен қайғыға тұтқиылдан тап болған сәтте адам баласының әдеттен тыс айрықша күйге түсетіні сияқты, оның да әйтеуір бір ешкім күтпеген оғаш жай танытарын Дәулетбай осында келе жатып-ақ сезіп еді. «Айналайын-ау, менің дауысымды танымадың ба?» деген кезде қызының төр жаққа жалт қарап қуарып сала бергенін, онан соң есінен ауытқып құлап қалғанын ол әлде болса жаманшылыққа жори алмай, қызы есін жиып көзін ашқанша үміт құшағында тұр еді. Әрине, ол өз перзентінің жүрегіне ақпанның аязындай қалың мұз қатырғанын біледі, түсінеді, тіпті болашақ ұрпақтарының ары мен намысын қорғамақ боп оны ай далаға қаңғытып жіберуге бұйырған сонау бір түндері-ақ сезінген-ді. Содан бері біршама уақыт өтіп, кеудедегі ащы ызаның запыраны қайтар кез болған жоқ па? Бурыл басын иіп, кешірім өтінгендей бес күншілік жерден күн-түн қатып өзі келгенде, бала әкені кешпес пе екен, әкесін кешпесе де туған елі мен жеріне, бауырға деген ыстық сағынышы оянып, сол оянған сағынышы жүректегі қатқан мұзды тым құрыса соқыр шамның жылуындай жібітпес пе екен? Әке баланы, бала әкені қаңғытқан сұмдық оқиға бұдан бұрын да талай өткен, сол оқиғаны бұл да талай естіп, өкінішпен таңдай қаққан. Құлақпен көп естісе де көзбен кем көрген сол масқара оқиға шынымен Дәулетбай шаңырағына тірелгені ме, осы бойы әке мен бала бір-біріне жау емес жат болып ана дүниеге дейін бет көріспей кете бармақ па? «Қызы оң босағада отырып екі қабат бопты» деген сөз бен «қызын қаңғытып жіберіпті» деген екі сөздің қайсысы ауыр, қайсысы жеңіл? Соңғы сауал Дәулетбайдың ойына осы сәтте ғана — қызы есін жиып, көзін қайта жұмған сәтте ғана оралды. Бұл сауал кесел алдындағы шаншудай өн бойын шым еткізіп өтсе де оны ойша таразылап жата алмады. Төсекке алып ұрған кесел тұрғанда шаншуды ойлайтын жағдай қайда? Ол кесел — қызының екінші рет көзін жұмғаны. Қыжымкүл мұның тұрғанын көрді, сөз жоқ көрді сол себепті де кірпігін қайта жұмды. Демек, бала көңілі біржолата суыған, ол әкесін көргенде жақынды да емес, әзірейлі көргендей шошыған. Қызының қайта ашқан жанарына төне қарағанда Дәулетбай сөнген нұрды, сөнген мейірімді, қатқан көңілді көрді. Оған тап қазір кесел боп жабысқан нәрсе — осы еді. «Асығыспыз» деп қазан астырмаған екі қонақ абыр-сабырмен ет пісірімдей уақыт өткізіп алды. Арада тағы ширек сағаттай мезгіл өткенде үй

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61