ТІРШІЛІК

ішіндегі әбігер толастап, пеш үстінде тасып төгіліп, ортайып қалған қос құманның суы еселеніп құйылды. Шайға шейін ешкім тіл қатқан жоқ. Өзге балалардың бәрі отырған-отырған жерінде қылжиып ұйықтап қалған, оларға көңіл бөліп жатқан бір жан жоқ, тек желбір шаш, қара қыз ғана бесікті сықыр-сықыр тербетіп ояу отыр. Ортаға дастарқан жайылып, шай құйылды. Ыстық шай керексініп қандары қойылып келген екі қонақ осы үйге өздерімен бірге қолайсыз жай әкелгендеріне ыңғайсызданып отырса да, алғашқы қарқынмен бес-алты кесені лезде босатып тастады. Аздап бой жадырап, маңдай жіпсіген соң құрсаулы кеселердің төр мен құман арасына қатынауы сирексіп, екі кісі бір-біріне көз астымен қарап қойды. Олардың бұл қимылын байқап қалған Қымқа дастарқанның жыртық шетін шиыршықтап отырып: — Әңгіме айта отырыңыздар, — деді. Маналы бері қалай сөз бастаудың ретін таппай, түйдек-түйдек әңгіме алқымын буып отырған жастау қонақ аузына апара жатқан кесесін алдына қоя салып: — Жеңгей, бізде айтар сөз де, әңгіме де көп, бәрін түгелдейтін болсақ таңды таңға ұрып тыңдауға болады, — деді, «бағытым дұрыс па» дегендей қасындағы мырзасына қарап қойып. Ол «айта бер» дегендей болар-болмас басын изеп, көзін жұмды. — Екіншіден, айтар әңгімеміз жоқ десе де болады. Себебі… оны өзіңіз де білесіз. Әуелі бізден қанық та болуыңыз мүмкін. Қымқа қос тізесіне шынтағын тіреп, алға итіне түсіп саусақ тараштап отырған мұртты жігітке таңданған кейіппен аңтарыла қарады. — Мына отырған кісі — ауылымыздың бетке ұстар дәулетті кісісі. Арғы аталары Арқа мен Сыр бойын билеген текті сүйектер. Өзі де үйірлі жылқы, қоралы қойға ғана қанағат тұтып отырған жан емес, амандық болса енді төрт-бес айдан соң болыс… Дәулетбай оқыс жөткірініп қалғанда суырылып келе жатқан жігіт тілін кесіп алғандай сөзін кілт тыя қойды. Сонан соң сасқалақтап, мырзасының жөткірігі шашыратқан ойын әрең дегенде қайта жиып, сөзін жалғастырды. — С… солай, жеңгей. Мына отырған кісі ауыл түгіл аймағымыздың ақылшысы. Ат баспаймын деген жерін үш басады, бұл төңірекке, сіздің шаңыраққа кеп дәм татамыз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген де емес еді. Жаңылыспайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, қателік болды ма, қатыгездік болды ма, бір кездегі ақылды ашуға тұтқындап, жасаған бір білместік үшін қыс ауасында бес күн, бес түн жол жүріп, арада жыл жарым өткен соң жаңа жетіп отырмыз… Ішпесе де әңгіме тыңдауға серік қып, ауық-ауық ерніне тигізіп қойып отырған Қымқаның кесесі осы тұсқа келгенде қолынан түсіп, дастарқан шетіндегі көк набатқа соғылып үш бөлінді. Бірі бастап, бірі қоштап төмен қарап отырған төрдегі екеу селт етіп, бастарын оқыс көтеріп алды. Бастарын оқыс көтерген сәтте көздері алдымен қираған кесеге, сонан соң аузын ашып, өздеріне тесіле қарап отырған әйелге түсті. Ыза

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61