ТІРШІЛІК

толған екі көз кезелген мылтықтан суық болады екен. Ызғары өкпеден өтіп, жауырыннан шығып бара жатыр. Екеуінің бойы тіксініп, еңкейген кеуделерін кейін тартты. — Сол мырза сіздер ме едіңіздер? — деді әйел әр сөзін салмақтай сөйлеп. Сонан соң қыз әкесіне бұрылды. — Сол әке сіз екенсіз ғой. Екеуі жауап қайтарған жоқ. — Неге үндемейсіздер, солай ма? — Бәйбіше… жеңгей, сабыр етіңіз, сабыр етіңіз… — Біреу үшін жаның шырқырап отқа күйіп бара жатса қалай сабыр етесің! Іштен шыққан өз перзентін өзі қаңғыртып!.. О, жасаған, о, жас-саған! Бүгінгі тапқаным тамағымнан өтіп бара жатқанда ертеңгімді ойлайтын мына мен, мына жыртық балақ жесір мен де бес баламның жолында құрбандыққа дайынмын. Солардың көрген түсінің өзі жөнді болса екен деп тілеймін. Құдай-ау, бұ жұрт не боп кеткен! Өзге былай тұрсын, өз перзентіне деген мейірімнен жұрдай ғып жаратқан соң атқа шіреніп мінгізіп, шырт түкірткенің бар болсын. О, жасаға-ан, дәулетімді алсаң ал, мейірімімді ала көрме, мейірімді ала көрме, тәңірім… Қымқа отырған орнында екі қолымен бұрымын ұстап, шайқатыла еңіріп жылады. Жігіт орнынан ұшып тұрды. — Жеңгей! — деді ол зәрлі үнмен, — тоқтатыңыз жылауды! Әйел тоқталар емес. — Доғарыңыз дейміз. Біз сіздің зарыңызды тыңдағалы келген жоқпыз. Тең теңімен, тезек қабымен, бізді сынайтын адам сіз емессіз! Өзінше ыза буған жігіт дастарқанды айналып Қымқаға жақындап келе жатыр еді, орта жолда қалт тоқтады. Тоқтатқан — төсектегі Қыжымкүлдің «масқара-ай» деген нәзік даусы еді. Жігіт пен қыз әкесі дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. — Масқара-ай, — деді қыз басын көтермеген бойы шаңыраққа қарап жатып, — ауылда салған ойрандарыңыз аздық қылғандай, бұл үйді де шулатайын дедіңіздер ме? Мына мен бәле өлмей қойдым ғой, мен өлсем құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді. Жігіт қыз қасына жетіп келіп, тізерлеп отыра кетті. — Айналайын есіңді жидың ба әйтеуір, бізді жаман қорқыттың ғой. — Өтірік айтып қайтесіз, сіздер ештеңеден қорықпайсыздар, ештеңеден де тайынбайсыздар. Менен алысырақ барып отырыңыз. Бәріңіздің ойларыңыз харам. Жігіт сасып қалды. Баяғыда Қыжымкүлді осы ауылдың шетіне әкеп тастағанның бірі осы еді, сол нобаймен өзі жол бастап келіп отыр. Сонда, қасындағы серігіне нәпсіқұмар сезім байқатып, қызбен «емін-еркін көңіл көтеруді» ұсынып еді. Ұрының арты қуыс дегендей, жігіттің ойына сондағы сөзі оралып, кібіртіктеп қалды да, мұнан ары кідірсем бір бәленің ұшы шығып кете ме деп қауіптеніп орнынан қалтырай көтерілді. — Көке, — деді қыз жастықтан басын көтеріп. — Келгелі бері бірауыз сөз айтпадыңыз, оныңыз дұрыс та шығар, бірақ бірдеңе, деңізші, дауысыңызды сағындым. Қызының соңғы сөзі қатал әкенің жүрегін тебірентіп кетті. Осыған дейін барлық мейірім атаулыны өктемдік пен үстемдікке жеңдіріп,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61