сол үстемдік перзентке деген махаббатын тұншықтырып келсе, қорлық атаулыны әкеден көріп, әкеден безген баланың мына сөзі мейірімге қақпақ болған қырыс мінезді сетінетіп өткендей болды. Адамның өз ойы өзіне жау, «қызым кекетіп жатқан жоқ па» деген бұралқы сұрау оянған мейіріммен қоса туып, сол себепті қанша шыдамдылық сақтауға тырысса да сиқырлы бір күш оны отырған орнынан еріксіз көтеріп, қызының қасына жетектеді. — Не айтамын, — деді ол қызының жанына кеп. — Айтар сөзімнің бәрін өзің біліп жатқан жоқсың ба? «Сөйлейтін не бетім бар» деуге тіл қатты, бұралмайды, «кінә менде» деуге мойын қатты, бұрылмайды. Іште бәрі сайрап тұр, оның қайсыбірін айтарсың, қайтіп айтарсың, қызым… — Болды, көке, даусыңызды естідім, әлі өзгермепті. Енді анамның даусын есітсем арманым болмас еді. Айтыңызшы, анашым аман ба? Шешесі қайтыс болғанда артында шырқырап қалған інім аман ба? Әкесі жауап бере алмады. Тіл қатса даусының дірілдейтін түрі бар. Қайтыс болған тоқалы өзіне қамшының сабындай құны болмаса да біреуге — мына жатқан қызына ана екен-ау! Қайтыс болғанда сырт көз үшін қайғырғанмен іштей қасірет шекпеген сол тоқалы қызы үшін дүниедегі ең қымбат адам екен ғой. — Көке, неге үндемейсіз, аман ба олар? — Аман, аман қызым… Қыжымкүл «уһ» деп жастыққа басын қайта қойды. — Енді жүре беріңіздер. Мені алып кетпек боп келген ниеттеріңізді білемін. Құдай шыным, үлкен басыңызды қанша кінәлі болсаңыз да балаға иіп қор қылмаңыз. Мен ешқайда да бармаймын. Өлсем сүйегім осы үйден шығады. — Айналайын-ау, жүрегің нәзік қыз едің ғой, жібісең нетті. — Мен жібуден кеткенмін, көке. Әуре болмаңыз, ешқайда да бармаймын. Осы кезде жігіт Дәулетбайға қарады. Оның бұл қарасында қандай сыр жатқанын аңғара қойған қыз оның алдын орай сөйледі. — Зорлап алып кеткендеріңізден де пайда жоқ, ол жаққа барсам бәрібір тірі жүрмеймін. Пәленшенің қызы өзін-өзі өлтіріпті деген сөзден аулақ болғыларыңыз келсе мені мазаламаңыздар. Бесіктегі баланың жылағаны естілді. Көз жасын тыйып, сөз тыңдап отырған Қымқа лып етіп орнынан тұрды да, оны тербете бастады. Бағанадан бері қарны ашқан баланың құр сықырға көне қоятын түрі жоқ, даусы бұрынғысынан ащырақ шықты. — Қазақ үйіне келген қонақты кет демейді, — деді Қымқа сөзге араласып. — Қонып таңертең қайтамыз десеңіздер төсек сап берейік, әзерше ауызғы үйге шыға тұрсаңыздар дұрыс болар еді, Қыжымкүл баласын емізуге сіздерден ұялып жатыр. — Не дейді! — деді қыз әкесі Қымқаға жалт бұрылып. — Қайдағы бала! — деді жігіт қосарланып. — Бұл да – туғанында атасынан шүйінші сұралмаған бала. Өзіңіздің немереңіз. Дәулетбай Қымқаның қасына екі аттап жетіп келді. Көзі атыздай боп, өңі сұрланып кетіпті. — Япырмай, шыныңызды айтыңызшы, бұл кімнің баласы?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61