ТІРШІЛІК

— Сізге өтірік айтып қайтпекпін, сіздің немереңіз. Құдай бұйыртса енді менің немерем. — Қайдан деймін, қайда-ан! — Сіздер жақтан. Әкесінің де, нағашысының да дәмі бұйырмаған бала бұл. Ештеңе етпес, біз аман болсақ жетімдік көре қоймас. Дәулетбай есеңгіреп кетті. Көз алдындағы дүние төңкеріліп астан-кестеңі шықты. Басы белгісіз шуға толып, сол шудың арасынан құлағына жылаған баланың даусы естілді. Өзіне-өзі келген соң ол қайтып бір тіл қатқан жоқ, ешкіммен қоштаспады, тіпті қасындағы жігітке ишара да білдірместен далаға шығып жүре берді. Төрде қалған екі ішікті құшақтап, өң мен түстің арасында тұрған жігіт оның соңынан сүрініп-қабынып жүгіре жөнелді. Ауылдан ұзаған соң жігіт ойындағы өкінішін жасыра алмай: — Қап, алып қайтпағанымыз дұрыс болмады-ау, сайлау да жақындап қалып еді, — деп міңгірледі. — Өшір үніңді, — деді Дәулетбай пышақкесті өктем дауыспен. Жігіт жым болды. Содан қайтып сөйлеген жоқ. * * * Келесі жылдың күзінде Тоқсан аяғын басып, Қымқаның үйіне кіріп шығып жүретін балалар саны алтау болды. Әуелгі кезде «бұл кім?» деп сұраған жұртқа: «Қыдырып кеп жатқан сіңлім» деп жауап берген Қымқа, «сіңлісі» үйінде босанып, бір жыл емес екі жыл жатып қалған соң: «Күйеуі мен енесі ғана бар еді, қайтыс болды деген хабар алдық, енді еліне несіне барады» деп кісі сенер-сенбес ілекер жауапқа көшті. Әрі Қымқа үйіндегі бөтен әйелге ауыл адамдарының да көзі үйреніп, соңғы кезде оның мән-жайын қазбаламайтын да болып алды. Бірақ жылтырақ зат көзге түспей қоймайды ғой, бұл ауылдың да өзге жердегі секілді есері бар, өз жігіттері де жеткілікті. Алғашқы кезде көзге ілмей, көзге ілген соң да қонақ деп қадала қоймаған бозбалалар соңғы кезде келгіштеп мазаны алып бітті. Боза ішкен жігіттің бәрі бірдей жетесіз емес, олардың ішінде келбет десең келбет, дәулет, ақыл десең ақылдан да кенде емес жігіттер бар-ды. Қымқа әуелгі кезде ер-тоқымын бауырына алып тулаған, көзімше «сіңліме сөз айтқан сендерде ұят жоқ» деп екі-үш дүркін қылжақтап келгендерді көсеумен айдап шыққан. Тама берген тамшы тасты да қазады дегендей, жігіттер келе берген соң, Қымқа да ұрысудан жалықты, қабаған иттей қашанғы арпылдай береді. Келе-келе кейбір көңілі түскендеріне: «жоғары шық, шай іш» дейтін де болды. Жігіт дегендерде ес болсашы, Қыжымкүлмен қатар отырып үн-түнсіз сораптап шай ішкеніне, жоқтан өзгені айтып күлгеніне, серілік, жомарттық танытқандарына мәз. Керек адамы күні бойы бірге отырса да оған арнап тіл қата алмай сыртқа шыққан соң: «Ай, жеңеше, осы сіңліңді маған көндіріп берсеңші. Бір баласы болмақ түгілі бір арба баласы болса да мейлі, алам да кетем. Әке-шешем не десе о десін. Адам аяғы жетпейтін қиянға әкетем» деп лепіріп кеп береді. Келгендердің бәрі осылай дейді. Бай болсын,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61