ТІРШІЛІК

Өне бойы шымырлап, рахат бір күйге енді. Шалының кәйіпке түскенін, енді бір жарты сағатсыз «шай құй» деп айтпайтынын білген кемпірі дыбысын сездірмей орнынан ақырын көтеріліп, самауырды дәлізге ап шықты да суын еселеп, ішіне қайтадан от жақты. Далада суық жел әлі уілдеп тұр. Демін ішіне тартып, бір сәтке тым-тырыс бола қалып, кенет қайта соққанда кернейін мұржаға сұғып самауырдың түтіні бұрқ етіп астындағы тор тесіктен қып-қызыл ұшқын шашырайды да, бірқалыпты дүрілдеп жанып тұрған от төбесінен ұрғандай таппа өшеді. «Құдайдың желі-ай!»… — деп кейіп жүріп шүйкедей кемпір отты қайта тамызады. Жаңқаланған ағаш та бітіп қалды. Самауырын бір өшсе, даладан шалқып соққан жел жуық арада от жаққыза қоймайды. Жаңа ғана толтырып салғаны жанып біткенше тағы да ағаш жарып қою керек. Ол қара көлеңке бұрыштан балтаны іздеп таба алмады. Дуалға сүйеп қойған қаптың артын, ошақ жанындағы бүктетіліп жатқан алашаның астын, тіпті есік алдына шығып үюлі отынның маңын да сипалап қарап көрді. Самаурындағы оттың жанып бітетін кезі боп қалды. «О, құдайдың қырсығы-ай!» — деді ол күбірлеп. Шалының кәйпі тарап, «шай құй» деп қалса қайтпек! Кемпір үйге қайта кірді. Саусағымен самайын қасылап біраз тұрды. Сол кезде ошақтың жоғарғы жағында, оқтау-тақтай мен сыпыра қоятын жерде балтаның жатқанын көрді. Кемпір таңданып ернін сылп еткізді. «Астапыралла, осы үйде шайтан бар шығар». Ол балтаны асығыс ала бергенде нан жаятын тақтай әлгінде ғана ішіндегі суын самауырға аударған бос шелекке құлап, салдырай жөнелді. «Бітті» дегендей кемпірдің зәре иманы ұшып, құлағын басып отыра кетті. Өңі жуған шүберектей қуарып, «сорлы басым-ай, сорлап қалған сорлы басым-ай» деп есі ауысқан адамша күбірлей берді. Түпкі үйден шалының сүйегіңді сырқыратар ызалы үні келіп жетті. «Нәлеті! О, нәлеті келгір!» Оқыс дыбыстан кәйіпі бұзылған шалы дәлізге қарай келе жатыр, сырп-сырп басқан аяқ дыбысы естілді. Шүйкедей кемпір бір уыс боп бұрышқа тығыла түсті. Қолдары дір-дір етіп, көз қиығымен ішкі есігіне қарап-қарап қояды. «Қолына не түсер екен, құдай-ай!..» Ол жанындағы балтаны жерге түсіп жатқан сыпырамен лып еткізіп жаба қойды. — О, атаңа нәлет! Атаңа мың нәлеті-ау, не істеп жүрсің сен, а? — деді Киеван мәсісімен дәлізге шығып. – Бойындағы ашуынан текке кеткен көкнәрдің күйігі басым. Жер жұтып кетті ме, жер жұтқырды! — Мұндамын ғой, байғұс-ау… Киеван ошақ жанында қара құмандай боп қушиып отырған кемпірін сонда ғана көрді. — О, мұнда болмай кет сен, мұнда болмағыр! Құрып неге кетпейсің бүйткенше… Киеван жоғарыдағы оқтауды алып, кемпірінің жауырынынан салып-салып жіберді, бейшараның қырым еті жоқ екен, оқтау ағашқа тигендей тақ-тақ ете қалды. «О, жасаған! О, құдірет! Ойбай!» — Оқтау тиген сайын кемпірі бір селк етіп, осы үш

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61