ТІРШІЛІК

ма, әлде бала-шағасы көп жетім-жесір осы бір тақ-тұқ шаңырақтың ырзығына ортақ болғысы келмей, не де болса бөлек шығайын деген оймен айтты ма, әлде өз тағдырына өзі налып, сырттай сыр бермесе де іштей мүжіле беру әбден қажытқандықтан айтты ма, ол жағын ешкім білген жоқ. Күздің ызғарлы бір кешінде олар аттанып кетті. Жиені Қыжымкүлді алып кететінін нағашысы аттанар сәтте ғана естіп, талып қала жаздады. «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген, о, иттің ғана күшігі. Бұдан бұрынырақ айтпай нағып жүрсің, бидай боп диірменге түсіп кетіп пе едің, а! Қап, күйдірдің-ау, жерге қараттың-ау! Ойбай ғана құдай-ау, саудыратып базарға сүйегімді сатсам да сенің тойыңды жасап, адам сияқты аттандырмас па ем? Сенің үйленуің жетім қыздың тойындай да болмады ғой. Қап-қап, пәтшағар-ай, күйдірдің-ау!» — деп қара жерді қамшылап отырды да қалды. Күйінгенмен іс орнына келе ме, кемпірі екеуі ескі әбдірені аудар-саудар ақтарып, үйдегі іліп алар тәуір мата мен жиған-терген ақшаны шүберекке орап қоржынға сап берді. Екеуі жылап жүр, «ананы сал, мынаны сал» деп екеуі ұрысып жүр. Қыжымкүлді құрқол аттандырмайын деп Қымқа байғұс та намысқа тырысып, екі-үш түйіншек жасапты. — Апа-ау, қайтесіз, — деді Қыжымкүл оны аяп, — балаларға жарата берсеңізші. — Есізқалғыр, бұ дүние бәрібір жетпейді, — деді ол өзі әкелген түйіншектерін қоржынның бір басына нықтап салып жатып. — Келгелі бері үстіңе жөні түзу көйлек те кие алмадың. Балалардың бір мәнісі болар, жан аман болсын. Қымқаның бес баласы түгел кепті. Бірі ұзын, бірі қысқа боп тізіліп қарап тұр. Біреуінің де киімі бүтін емес, жамау-жасқау, алба-жұлба. Қыжымкүлдің жүрегі езіліп кетті. Өн бойы шымыр етті де, екі көзіне ыстық жас толып шыға келді. Ол бәрін құшақтап тұрып, ұзақ-ұзақ сүйді. Әсіресе шашы жалбыраған шынашақтай қара қызды құшақтағанда, ол келіп, «Әпше, әпше», — деп жылағанда мұның кәдімгідей көңілі босап, даусы шығып кетті. Жайшылықта байқамайды екен, ол бұларға бауыр басып кетіпті, тізіліп тұрған осы балалар бұған ең ыстық, ең қимас адамдарына айналыпты. Енді оларды қашан көреді, олардың ертеңгі тағдыры қандай! Қыжымкүл осыны ойлап жылады, қабырғасы қайысып, шын жанымен жылады. Амандық болса, келесі жаз осында түпкілікті келеді ғой. Қыжымкүлдің көңіліне осы бір үміт қана тоқтау салды. Күзгі суықта баланы ауыртып аласыңдар деп Тоқсанды Қымқа алып қалған. «Мен аман тұрғанда баладан қам жеме, өзім қара су ішсем де бар жақсым Тоқсандікі. Өздерің жайланып алыңдар, жаз деген немене, көзді ашып-жұмғанша жетіп келеді», — басы Қайыпберген боп көндірген. Бұлар жол жабдығын буып-түйіп, қоржын-қосқұлағын атқа артып дайын еткен соң Қымқа Тоқсанды Оспанға көтертіп, там айналдырып жіберді. «Жылайды деп бір сүймей қалдым-ау, — деді Қыжымкүл іштей. —

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61