Бетінен тым болмаса бір сүймегенімді қарашы». Қайыпберген жерге тізерлеп отырып қысқа ғана жол батасын жасады. — Ал, айналайын жиенім, келінге әке-шешеңнің қазан көтерген өтенін көрсет. Алдағы жаз көшіп кел, көп өмірім қалған жоқ, өлерімде бастарыңның бір жерде болғанын көріп тыныш аттанайын. Сонан соң ана көкнәр дегенді тоқтат. Ол жастың ісі емес. Алдыңда өмірің көп. Ал, жолдарың болсын! Олар нағашысы берген бір атқа мінгесіп, қоштасып жүріп кетті.
ЕКЕУІ
Елге жетуге бір күншілік жол қалғанда Молдарәсілдің көңілі қобалжып, әрі-сәрі күйге түсті. Осыдан төрт күн бұрын, нағашысының ауылынан аттанып бара жатқанда ойға күптігей боп енген бағдарсыздық жүрегіне қорқыныш пен қауіп үймелетіп, жолдың қалған бөлігін жүру керек пе, әлде тізгінді белгісіз жаққа бұру керек пе деген екі ұшты сауалға әкеп тіреді. Амандық болса, кешқұрым елге жетеді. Осыдан бірер ай бұрын ғана қашып шыққан ел-жұрты жаңқадан адам жасаудың амалын таппай отырғанда, бір түнде жоқ болып, орнын сипалатып кеткен болысқа не айтады, көзіне қайтіп көрінеді? Ол сөз тыңдайтын халде дейсің бе? Мойнына тұзақ, аяғына тұсау салып, көз көрмес, құлақ естімес қиянға айдатып жібермесіне кім кепіл? Сопиған сақа басы болса да бір сәрі, өзімен бірге келіншегі бар ғой, оның тағдыры не болмақ? Ат тізгінін бос тастап, ол миды жеген шексіз ой тұңғиығына шомды. Әлде, келіншегіне бар сырды жасырмай айтып берсе ме екен! Бәлкім, жүрегін жаншыған диірмендей ауыр сезім сонда біршама жеңілдеп, шөре-шөре халден шығып, бір жағына нық тәуекелмен тізгін тартар? Жо-жоқ, оны айтуға болмайды. Бір басында мың қайғы боп келе жатқан байғұсқа өз қайғысын жамап, оны үмітсіз сергелдеңге түсіргеннен не түседі және ол не айтпақ, қандай ақыл қоспақ дейсің? Уақытша болса да ертеңін ойлап егілмей-ақ қойсын, бәлкім, ұста құдай бір қисынын тауып бізді қанатының астына алар. Мақсатсыз қаңғып қайда барамын, қай жерде мекендемекпін? Тәуекел, не де болса елге тарта берейін. Бәрін бара көрерміз! Ол тебініп қалды. Төрт күндік жүрістен әбден қалжыраған ат тас лақтырым жерге дейін бүлкілдеп келді де жүрісін бірте-бірте баяулатып, әуелгі аяңына басты. Үлкен жолға оң жақ бүйірден кеп құйрық шаншыған сүрлеуге жеткенде Молдарәсіл тізгін тежеп: — Міне, біздің ауылға апаратын сүрлеуге де жеттік,–деді. Қыз үндеген жоқ. «Құдай-ау, неткен адам? Жол-жөнекей бір де бір тіл қатпады. Неге өйтеді. Мен зорлап алып қашқан жоқ едім ғой». Екі жолаушы қайта қозғалды. Молдарәсіл нағашысының ауылында өткен күндерін еске алды. Қымқаның үйінде Қыжымкүлмен бір дастарқан басында талай отырса да бұған арнап тіл қатпаған екен-ау! Тіпті, оның «мақұл» деген сөзін де Қымқа арқылы естіді емес пе? «Бәлкім, оның көңілі мен дегенде жыланның құйрығындай салқын шығар, тіпті мені жек көретін де
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61