ТІРШІЛІК

шығар. Бұдан әрі не болады? Тағдырдан көп теперіш көрген бір байғұсқа обал жасаған жоқпын ба? Көрінгеніне небары бір айдың жүзі болған, қайдан екенін, кім екенін ауыздан ғана естіген шала таныс біреудің атына мінгесіп кете баруға Қымқаның көп қайрауы түрткі болып жүрмегей. Әлі де кеш емес, некеміз қиылмай тұрғанда жылы ұясына қайтып апарып тастасам қайтеді, өз қалауынша тіршілік кешсін». Молдарәсіл көмейіне кеп тірелген осы ойын айтпақ боп қанша оқталса да батылы барып ләм дей алмады. Өзіне де түсініксіз әлдеқалай жұмбақ бір сезім көңілдегі булыққан сөзін тұншықтырып, тежей берді. Ол өзімен-өзі ұзақ арпалысты. Бір кезде құлағына пышақпен кескендей қып-қысқа, нәзік бір үн шалынғандай болды. Ол дел-сал күйден ажырап, төңірекке назар тікті. Әлгі үн тағы қайталанды. Сыңсыған әйел даусы. Қыжымкүл жылап келе жатыр екен. Өзінің екі ұдай ойымен арам тер боп арпалысып, онсыз да пүшәйман халде келе жатқан жігіт келіншегінің жылаған үнін естігенде, жүрегін әлдекім кепкен жантақпен шабақтағандай, бойынан дәрмен қашып, ішкі дүниесі удай ашып сала берді. Маналы бері тіл қатуға батылы жетпей келген Молдарәсіл бұл жолы үнсіз қалудың реті жоқтығын түсініп, Қыжымкүлге мойнын бұрды да, ақырын ғана: — Неге жыладың? — деді. — Тым болмаса бетінен бір сүймей кеттім… Там артында қалды… Қазір жылап жүрген шығар… Болашақ тағдырларын бір қосуға ниет етіп, бір атқа міңгесіп келе жатқан екеудің қайғысы екі басқа. Бес күншілік жолдың төрт күнін артқа тастап, еліне жақындаған сайын қуанудың орнына қуарып, өз басының ертеңін, келіншегінің жайын, келіншегінің өзіне деген салқын ниетін ойлап, бір басына сан-сапалақ сергелдең ұялап келе жатқан Молдарәсілдің қабырғасына тағы бір шөгір кеп қадалды. Тіршілік дегеннің адам болжап білмейтін сыры мен қыры мол екен. Өз қатар-құрбыларының отау тігіп, үй болып жатқанын көргенде: «мен де жұрт қатарлы түтін түтетсем» деген арманды ой жасы жиырмадан асқанда көңілінде туса да әрмен қарай ер жетпей, отыздан асқанда ол ойы кәртеміс тартып, ешқашан жазылмас ескі жараға айнала бастаған шақта күтпеген жерден бастары екеу боп шыға келді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, біреуге үйленерін ол білетін-ді. Сол ойына кенет қолы жеткенде ол неге екені белгісіз, қуана қойған жоқ. Бәрі де осылай, тек осылай ғана бітуі тиіс сияқты боп көрінді. Әлде қазақтың еркегінің маңдайына жазып, сүйегіне берген кейде қажет, кейде артық өзімшіл мінезден бе, әлде, байға сымбат, кедейге қымбат махаббат деп аталатын сезім арпалысына түспей, қалыңдығын басқа біреудің тілімен иліктіргендіктен бе, Молдарәсілге Қыжымкүлді алып бара жатқан сәт бұрын өзі көксегендей, өзі қиялдағандай таңғажайып оқиға боп көрінген жоқ. Бірақ келіншегінің жылап айтқан әлгі сөзі қамырдың ішіндегі сынаптай көңілінде тұнып қалды. Бұл сөз оның баласынан ажыраған

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61