анаға деген мейірімін, жанашырлығын оятса, екінші жағынан күптігей тастады. «Жарым болады деп алып келе жатқан адамым біреудің анасы. Түптеп келгенде тілегіміз бен ниетіміздің екіге бөлініп, шытынайтын жері осы боп жүрмесін». Молдарәсіл өз ойынан өзі шошып селт ете қалды. «Түуһ, қай-қайдағы ойыма қайдан оралып келеді? Күнімді көре алмай жүріп осыншалықты зәлім болмасам нетті? Бауыр еті баласын қиып, маған еріп жүре беру оңай тиіп пе?» Ол Қыжымкүлге шынымен жаны ашыды, алғаш рет іштей жүрегі елжіреп жақсы көрді. Бұрылып кеп шашынан сипады. — Жылама, — деді түбіт дауыспен, — алдағы жаз көшіп барамыз, көшіп бармасақ өзім барып келемін. Ауыл төбесі көрінгенде ол ерге келіншегін отырғызып, өзі ат жетектеді. Қырдан төмен құлап келе жатқанда Молдарәсіл: — Міне, елге де жеттік. Қазір үйге барамыз, — деді күліп. — Құда қаласа ол енді екеуміздің үйіміз. Аспаннан күн қайтса, жер тұсауын шешеді деген рас па, бұлар қырдан бері түскенде күн жаңа батып келе жатыр еді, үйлеріне ымырт үйіріле әзер жетті. Есік алдындағы ошақ қасына жақындай бергенде Молдарәсілдің жүрегі су ете қалды. Баяғы өзі жауып кеткен есіктің жоғары топсасы сынып, қисайып қапты. Қолындағы шылбырын тастай салып үйге жүгірді. Табалдырықтан аттай берді де, сол орнында тұрып қалды. Үй ішінде он шақты қара мал жүр. Бірі ортадағы ұстынға сүйкеніп, бірі жайбарақат күйсеп жатыр. Адамға үйренген қолдың малы емес пе, тасырлап жүгіріп кеп, ергенек жанында ербиіп тұрып қалған бұған олар жайбарақат, керенау мойын бұрып қоя салды. Ашқылтым тезек иісі қолқаны жарып барады. Молдарәсілдің көз алды тұманданып, кейін шегіне берді. Есіктен үш-төрт адымдай ұзағанда аяғынан әл кетіп, қалтырап барып отыра кетті. Қолымен жер тіреп қайта тұрды. Қайта тұрған кезінде құлағының түбінен гуілдеген ып-ыстық лепті сезді. Артына бұрылды. Әуелі мөлиген аттың басын, сонан соң өзіне төніп тұрған келіншегін көрді. Ол жанарын алып қашқанша ер үстінен: — Не болды, неден шошыдыңыз? — деген Қыжымкүлдің жұп-жұмсақ үні естілді. Молдарәсіл не жауап қайтарарын білмей тұрып қалды. Сәлден соң үндемеген бойы тізгіннен ұстап, атты үй сыртындағы төбеге қарай жетеледі. Төбеге жеткенде әйеліне қолын созып: — Кел, көтеріп түсірейінші, — деді. Қыжымкүл үндемеді. Күйеуінің оғаш қылығына, оғаш мінезіне түсінбей қайран қап тұр. — Үніңізден бір жамандық сезгендеймін, айтыңызшы, жайшылық па? — деді. — Айтармын. Айтпасам да білмей өтетін нәрсе емес. Кел, қолыңды бер. Қыжымкүл қолын созуға ұялып, сәл бері бұрылып ыңғай білдіріп еді, сырықтай ұзын жігіт оның қолтығынан көтеріп, лып еткізіп жерге түсірді. Ғұмырында әйел затына осыншалықты жақын кеп, білегінен ұстап көрмеген Молдарәсіл оның мысықтың бауырындай жып-жылы қолтығынан көтеріп түсіргенде, көтеріп түсіріп жатып жұп-жұмсақ төсі кеудесін сипап, ыстық
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61