ТІРШІЛІК

демі бетін шарпып өткенде өн бойы шымыр етіп, көкнәрға масайған сәттен әлдеқайда күшті, әлдеқайда рахатты ғажайып бір күйге енгендей болды. Ол әйеліне көз тоқтатып қарағысы келді, бірақ қараңғылықтан жүзін анық көре алмады, тұтқындаулы құштарлығы оянып тағы құшақтағысы келді, бірақ оным әдепсіздік болар деп өзіне-өзі тежеу салды. Аспанға қарады. Аспан жоқ екен. Қап-қара бұлт саңылау қалдырмапты. Бір сәтке ұмытылған бас қайғысы қайта оралып, жігіт болдырған жылқыдай ауыр бір күрсінді. Күрсініп болды да: — Жолы болмайтын сорлы жалғыз мен бе десем, сенің де маңдайың қарс айырылып тұрмаған байғұс екенсің дә,— деді. Қыз шошып кетті. — Неге олай дедіңіз! — Бір басымдағы қайғы екі кісіге ауырлық қылатын жан едім. Қарап жүрмей, тыныш жатқан сені қозғап, өтенім бар деп қара шаңырағыма әкеп, енді не айла табарымды білмей дал боп тұрмын. Ертеңгі тағдырымды тәңірге тапсырып, бүгінгі түнді уайымсыз, мұңсыз өткізейін деген ойда едім. Онымды да құдай қос көрмепті… — Түсінсем бұйырмасын, не деп кеттіңіз?! — Қара шаңырағымның астында қара қазаным қирап жатыр. Сен екеуміз жамылатын ақ көрпені сиырлар жалмап бітіріпті. Әке-шешемнің әруағы мал тұяғының астында тапталып жатыр… — Бәсе, үйге кірмей табалдырықтан қайтқаныңызда-ақ сезіп едім-ау… Қыз үнсіз қалды. Бұдан әрі не айтарын білмей Молдарәсіл де тілін жұтып отыра берді. Аспаннан мұп-мұздай тамшы құлады. Күздің суық жаңбыры басталғалы келеді. — Сенің обалыңа қалдым-ау, — деді әлден соң Молдарәсіл. — Жылап отырсың ғой. — Тоқсанның ұйықтайтын уақыты болды. Қазір мені іздеп жатқан шығар. Мұздай тамшы енді оның жүрегіне тамды. «Пәле деймін-ау тегі, — деді ішінен. — Жаңбыр жауса бас сұғатын панасы жоқ төбе басында отырып баласын ойлайды!» Молдарәсіл қыздың бұл жолы баласы үшін қайғырып отырмағанын, әлгі сөзді айтса тек жаңа қайғыны ескі қайғымен бүркемелеп, көз жасының себебін жігіттен аулақ алып кету үшін әдейі жалтара айтқанын түсінген жоқ. — Қыжымкүл, — деді бір кезде жігіт қыздың иығынан ұстап. — Айта беріңіз. — Алтын білезігің қолыңда ма? — Иә, — деді ол таңданған үнмен. — Маған бер. Қыз бір сөзге келместен білегіндегі білезікті сыпырып алды да күйеуіне ұстата берді. «Оны қайтесіз?» — деп сұрамады да. Ол келіншегі мен атын жетектеп тура болыстың үйіне тартты. Бұл «ассалаумәликүм» деп кіріп келгенде, бәйбіше мен тоқал, әзірейлі көргендей, ойбайын салып төрге атылды. Болыс кұптан оқып жатыр екен. Бұған көзінің қиығымен бір қарады да, асықпай-саспай намазын жалғастыра берді. Бәйбіше мен тоқал бір уыс боп үрпиіп жүкаяққа жабысып қапты. Молдарәсіл оларға көңіл бөлген жоқ, есік алдында болыстың намазды бітіруін күтіп тұра берді. Жылдай көрінген құптан да бітіп, болыс намаз қайыруға қолын жайды. Молдарәсіл де тізерлеп

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61