ТІРШІЛІК

табатын азамат шығар» деп жоритын едім-ау, қателеспеген екем. Үй іші кәдімгідей көтеріліп қалды. — Келін қайда? — деді сәлден соң бәйбіше. — Далада тұр. — Шақыр. Көрейік. Атасына сәлем берсін. — Сіздер отырған жерге ол байғұс батып қайдан кірсін. — Ештеңе етпейді. Өзіміз шақырып тұрғанда ұялмай кіре берсін. — Жақсылығыңызға рахмет, бәйбіше. — Молдарәсіл аяғының ұшымен басып далаға шығып кетті де, сәлден соң келіншегін жетектеп үйге алып кірді. Қыжымкүл табалдырықтан аттай бере төрге қарап үш мәрте иіліп сәлем жасады. — Бақытты бол, — деді бәйбіше бірінші тіл қатып. — Тәрбиелі жерден шыққан бала екенсің. Атың кім? — Қыжымкүл. — Қай рудансың? — Руы – қоңырат, — деді Молдарәсіл сөзге тез араласып. — Жастайынан жетім өскен. — Е-е, с-солай де. Бақытың ашылсын, — деді манадан бері үнсіз отырған болыс. — Тоқал, жігіттерді шақыр. Бәйбіше мен тоқал болысқа аңтарыла қарады. — Неге аңқиып тұрсың, шақыр тез! — Болыс-еке-ау, — деді бәйбіше күмілжіп. — Мұныңыз… — Тоқтат! Менің ойымда не барын қайдан білесің. Молдарәсіл қарсы сөзге келген жоқ. Манағы қуанышының бәрі быт-шыт боп, көңілі бұзылған ұядай жетімсіреп қалды. Сырттан төрт-бес жігіт жалақтап жетіп келді. — Не бұйырасыз, мырза! — Мына жігітті танисыңдар ма? Жігіттер бос мойын боп төмен қарап тұрған Молдарәсілге жалт қарады да, тани кетіп: — О, әкеңнің аузын!.. — деп тұра ұмтылды. — Жетер, жетер, — деді болыс салмақты үнмен. — Ашулы екендеріңді білемін. Айтарым мынау: қастарыңа тағы бес-алты жігіт қосып алып, Молдарәсілдің үйін тазартыңдар. Өзі болса ештеңе емес, келін әкеп отыр. «Әні» дегендей ол Қыжымкүлді иегімен көрсетті. Жігіттер сенерін де, сенбесін де білмей одырая қалды. — Солай, таң атқан соң өзім барып көремін. Барыңдар. Молдарәсіл, сен де бар, келін ертеңге шейін үйде бола тұрсын. Адам байғұстың қуанышы мен қайғысы, бүкіл тағдыры бір сөзге, бір сәтке ғана сыйып тұрады екен-ау! Жаңа ғана жас баладай қуанып, жаңа ұсқыны құйылып тұрған Молдарәсіл қас пен көздің арасында қайта түледі. Үміт шырағы қайта жанып, қуаныштан тынысы қайта тарылып шыға келді. Келіншегін бәйбішенің қасында қалдырып, ол жігіттермен ілесіп сыртқа шығып кетті. Енді жаңа өмір басталады, мүлдем жаңа. Енді оның өз шаңырағы, өз түтіні, өз қуанышы бар және ең бастысы — шын жанашыры бар. * * * Жылдар өтті. Қыжымкүл Молдарәсілден екі ұл туып екеуін де соғысқа берді. Екеуі де сол кеткеннен қайта оралмады. Молдарәсіл көзі шүңірейген Киеван шалға, бір кездегі ырғалған байдың бұралған қызы Киеван шалдың бір уыс қара кемпіріне айналды.   * * * Ауыл-аймақтың апшысын бидайдай қуырған Арыстанды-Қарабастың желі басылып, жұрттың көңілі көтеріліп қалған

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61