ТІРШІЛІК

туасы хат келген емес. Айына бір рет пенсия ғана келеді. Осы почташы шалды көшеден көрсе де Қыжымкүлдің жүрегі зырқ ете қалады. Екі баласынан екі қаралы хабар әкелген де осы. Содан бері қанша жыл өтті құдай-ау, басқа адам құрып қалғандай хат-хабар тасу ердің басына ілінген нау тоқыма дорба секілді оның мойнына біржола мінген бе? Кемпір ернін күбірлетіп қана амандасты. — Киеван үйде ме? — Жоқ. — Тағы көкнәр іздеп кетті-ау? — Көкнәрдің ұрығын іздеп кетті. — Е-е, бәрібір емес пе? Кемпір ағаш табақтағы көкнәр қалтаны судан шығарып орта кесеге салып, бетін дәкемен жауып қойды. — Кемпір, шүйіншіңді дайында, — деді почташы ала дорбасына қолын салып. — Сендерге хат кедді. Пәмилесін де жазбапты «Қыжымкүл апайға, Молдарәсіл жездемізге» деп қана қойыпты. — Не… не дейді, құдай-ау!? — Кемпір аузын ашып отырып қалды. — Не дейдісі несі? Кәдімгі хат. Жамиға деген сіңлің бар ма еді? — Жамиға дейді? — Қыжымкүл ернін сылп еткізді. — Е, е, ана өгіз бағатын керең шалдың қызы ма? — Ойбай, жоқ, ол саған хат жазып қайтеді. Алыста-а, қалада тұратын сіңлің бар екен ғой. Кемпір ернін күбірлетіп ұзақ отырды, бәрібір ойына ештеңе түсіре алмаған соң почташыдан көзін алмай басын шайқады. — Жоқ, ондай сіңлім жоқ. –Е-е, алжиын деген екенсің. Әйтпесе екеуіңнің атыңды атап басқа біреу хат жазып неғылады. Бәлкім есіңе түсер, оқып берейін, бәрібір екеуің оқи алмайсыңдар ғой. –Мейлің, оқысаң оқи салшы. Ойпырмай, мына шалы түспегір қайда жүр, былтырғыдай тағы да көкнәр еге алмай қалады-ау. И-ә, оқи бер. Ол кимешегін сәл кейін ысырып немқұрайды кейіппен почташыға құлағын туралап қиғаш отырды. «Аса құрметті апайымыз Қыжымкүл, жездеміз Молдарәсіл, — деп басталыпты хат. — Сіздерді табамын ба деген үмітпен талай жылдан бері өткен-кеткен жолаушыдан, алыстан келген кісілерден сұрап, көмескі болса да бір дерегі шыққан жаққа хат жазумен болдым. Бір де бірінен «алдым» деген жауап келмеді. Сіздерден әбден күдерімді үзіп отырған шақта Молдарәсіл жездемнің баяғы нағашысының ауылы есіме түсіп, жақында ғана сол жаққа барып адрестеріңізді алдым. Атам жарықтық қайтыс болған соң кейінгі жастар бауырға салқын боп кеткен ғой деймін, қай жерде тұратындарыңызды да жөнді білмейтін боп шықты. «Тірі деп естуші едік, ұмытпасақ осылай да осылай» деп нобайлап жөн сілтеді. Соған да қуандым. Аман екендеріңізге қуандым. Сіздер мені ұмытып та қалған шығарсыздар. Арада көп жыл өтті емес пе. Менің атым Жамиға, өзіңізге шеше болған баяғы Қымқаның кенже қызымын…» Осы тұсқа жеткенде қызыл иек кемпірдің аузы ашылып, көзі аларып кетті. — Нағыл… нағыл дейді! Қымқаның кенже қызымын дейді… — Солай депті. Көзің аларып кетті ғой, енді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61