қайта жанды ғой, Сендібай-ау! — Қой, қой, енді жылама. Ар жағын оқып берейін. Менің де жұмыстарым көп. Қыжымкүл сүт пісірімдей армансыз жылап, көзінің жасын біршама сарқылтқан соң кимешегін түзеп, өзіне-өзі келді. «Оқы, оқи бер әрмен қарай» — деді, орамалының ұшымен мұрнын сүртіп. Хат ұзақ жазылыпты. Почташы аяғына шейін ежелеп оқып шыққанша бір сағаттай уақыт өтті. «Қойдым, қойдым» деп отырғанмен бір сағат бойы кемпір жылаумен болды. «…Апам марқұм, балаларының қызығын көре алмай кетті, – деп жалғасыпты хат. — Өлерінің алдында бәрімізді шақырып алып: «Аман болындар, бір-біріңе сүйеу болыңдар. Біреудің баласы қолымда жетім боп қалып бара жатыр. Шешесіне табыс етіңдер», — деп еді. Ол кісі өлген соң бізді алыс ағайындарымыз көшіріп әкетті ғой. Тоқсанды іздеп келіп таппай қалған шығарсыздар. Жаңа өкімет орнап, байлар конфескеленіп, ағайын-туысты іздейтін жағдай болмай кетті емес пе. Тірі болса бір дерегі шығар деген үмітте жүре бердік. Баяғы бесеуден қазір үшеуіміз бармыз. Оспан мен Қоспан соғыста қаза болды. Тастан мен Досжан қазір тірі, олар да соғысқа барып келген. Тастанның бір қолы мүкіс, осы маңдағы колхозда бүғалтір, ал Досжан Петропавл облысының бір ауданында райком секретары. Қатынасып тұрамыз. Сіздің Тоқсаныңыз да соғыстан келмеді. Әскерге кетерден екі жыл бұрын трактор айдап жүріп үйленген болатын. Үйленіп алған соң сіздерді іздеймін деп жүруші еді, әні-міні қаражат жинаймын деп жүргенде соғыс басталды да кетті. Сол кезде Молдарәсіл жездемнің нағашысы нағып есімізге түспегенін қарашы, әлі өкінемін. Тоқсан ең кішіміз болса да соғысқа бірінші боп шақырылды. Ол кезде баласы бар еді. Еңбектеп қалған кезі болатын. Жылап аттанды. Бәріміз де жыладық қой. Баласының бетінен сүйіп тұрғанда көзінен аққан жасын көріп біз де егіліп, қоя бердік. Есіме түссе әлі жылаймын. Өзі жетім өсті, баласы тағы жетім қалып бара жатыр. Әйелінің толғағы ауыр болды ғой. Үйде босана алмай қаланың ауруханасына алып кеткен. Ақыры, сол толғақтан қайтыс болды. Доқтырлар баланы ішті жарып алды. Атын Қуаныш қойғанбыз. Ол да ер жетті. Қазір әскерде. Бір жылдан соң келеді. Сол баланы көздеріңіз тіріде тапсырсам анамның өсиетін орындап, арманыма жетер ем. Егер бұл хат ғайыптан-тайып қолдарыңызға тие қалатындай күн болса алдық деп жазыңыздар, мен оны Қуанышқа хабарлайын. Дәл қай жерде екендеріңізді білсем жұмыстан сұранып өзім де барып қайтамын ғой…» Үйіліп-төгіліп төбеден бір-ақ түскен бұл хабар әлжуаз кемпірді жерге жаншып кетті. Ол ес-түссіз талып түсті. Елдің тұрмысы жақсарып, жапа-тармағай қырға жаңа үй салып көшіп жатқанда Киеван ойпаңда жалғыз қалған. «Бақсының моласындай шошайып қайтесің, елмен бірге бол, көптеп-көмектесіп баспана тұрғызып берерміз» деген ауыл адамдарының да, «үй салып берейік» деген сельсоветтің сөзіне де көнбей қойды. Почташы атына міне
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61