ТІРШІЛІК

салып қырдағы ауылға шапты. Қасына екі-үш адам мен фельшерді ертіп келгенде ол әлі кесе-шәйнектің арасында сол қалпынша қимылсыз жатыр екен. Аузы ашылып, көзі жұмылып, екі қолы екі жаққа жайылып жатқанын көрген бір кемпір ай-шайға қарамай, «бауырым-айды» бастап кеп жіберді. Дәрігер жақтырмай бір қарап «тоқтат» дегендей қолын көтергенде, қаусап келе жатқан ол көмейі бітеліп қалғандай таппа тыйылды. Дәрігер Қыжымкүлдің жүрегін ұстап, тамырын басып көрді де: «тірі екен» деген хабарды естігенде қысылғаннан: «а… не дейді, байғұс-ау» деп әбіржіп қалды. Жұрт абыр-сабыр боп, Қыжымкүлді ауруханаға қалай жеткізудің қамымен әлек боп жатқанда, арық жақтан шаңқылдасқан екі адамның даусы естілді. Бригадир мен Киеван екен. — Әуре болмаңыз деп айттым ғой, босқа арам тер болғанша үйіңізде неге тыныш жатпайсыз! Басқа жұмысты қойып кемпірің екеуіңмен діңкем құрыды ғой. Қайтыңыз, қайт деген соң қайтыңыз. — Қайтпаймын. Үйімнің қасынан жер алам дедім бе, алам, өлсем де алам! — Алмайсыз. Мен тұрғанда алмайсыз. Өкімет енапат жер берді ғой, күштеріңіз тасып бара жатса сол жаққа барыңыздар. Көкнәр егесіздер ме, қарағай егесіздер ме, шаруам жоқ. Колхоз бұларға жер береді, трактормен айдап, тырмалап береді, ал бұлар алыссынып, бармаймыз дейді. О, Алла-а, бұл жұрт не боп барады бұл, а! Қарындарың тойса неге мастанып шыға келесіңдер осы! — Әй, байқап-байқап сөйле, білдің бе? Мен колхоз құрысып жүргенімде сен көжеңді жылап ішетін боқмұрын болатынсың. Енді кеп қарнымды өзі тойғызып жүргендей бола қалуын. Тиесілі жерімді дәл үйдің қасынан, өш жерден алам, — деп Киеван сұқ саусағын табанының астына шаншылап көрсетті. — Маған бәрібір, — деді бригадир қалтасына насыбай шақшасын алып. Шақшасын ердің қасына бір-екі соғып, бір шымшымын тілінің астына лып еткізді де немкетті үнмен: — Мәган бәрібір, — деді қолын сілтеп. — Тек ешіңізде болшын, трләктрмен айдатәм да таштайм. — Айдатып көр! Баратын жеріме барып, аяғыңды аспаннан келтірейін… Олар почташының қастарына келіп қалғанын байқамады. Бұл жолы «Киеван» деп атағысы келмей, ол Молдарәсілдің қарынан түртіп, «ақсақал» деді ақырын ғана. Киеван қарынан ұстаған қолды серпіп тастап, сөзін жалғастыра берді. – Үндемегенге басынып алған екенсің әбден. Ойбай-ау, мені тап бір Әмірикадан келгендей… — Ақсақал, — деді почташы дауысын бұрынғысынан көтере сөйлеп. Киеван бұған жалт қарады да, «Ассалаумәликүм» деп асығыс амандаса салып сөзін жалғай берді. — Заң менің жағымда, білдің бе, мына менің жағымда. — Ақсақал, кемпіріңіз хал үстінде жатыр. Үйіңізге кісілер жиналып қалды, — деді почташы оның назарын аудару үшін төтесіне бір-ақ кетіп. — А? Менің кемпірім бе? — деді Киеван бері бұрылып. — Иә. — Е, онысы несі? — Бір сағаттай болды, қысылып жатыр. Дәрігер де сіздің үйде. —

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61