Көкнәр бердіңдер ме? — Жоқ мұршамыз болған жоқ. — Қап, айтқан тілді бір алмайды ғой, «таңертең тұра сап бір қасық көкнәр ішіп ал» деп құдайдың зарын қыламын. Дәл көкнәр егетін кезде… Әй, бала, — деді ол бригадирге бұрылып, — кешке кеңсеге барамын. Бастығың көнбесе тура райкомға хат жазамын. Бәріне осыны айта бар. Киеван ала шүберекке түйілген көкнәрдің ұрығын жерден көтеріп алды да, кетпенін күндегі әдетінше сол жерде қалдырып, почташының соңынан ерді. Есік алдына жиналған кісілер кемпірді атқа отырғызып, дәрігер оны қапсыра құшақтап алып ауруханаға кеткелі жатыр екен. Киеван келді де бәрінің ұйқы-тұйқысын шығарды. Көкнәр ұрығы түйілген шүберегін күншуақтағы көрпеше үстіне тастай сап аттың шылауына жармасты. — Ақсақал, мұныңыз қалай? Ауру адамға дер кезінде көмек көрсетпесе кеселі асқынып кетеді, — деді дәрігер ашуланып. — Шырағым, оның кеселі асқынатын кесел емес, кәріліктің кеселі. Тастап кет, әуре болма, — деді Киеван мәмлеге келе қоймайтын өжет те қасаң дауыспен. — Ойпырмай, үйінде отырып біреу түшкірсе де жетіп келеді бұлар. Басқа аурулар құрып қалды ма түге, әлде, дәрілеріңді өткізе алмай отырсыңдар ма? Жоқ, айналайын, Алла разы болсын, тастап кет. Өзім емдеймін. — Ақсақал, — деді дәрігер бұл жолы дауысын қомдап, — совет медицинасы тәуіпшілікке жол бере алмайды. Тізгінді босатыңыз! Киеван дәрігерге шүңірек көзімен тесірейе қарады. — Әй, сен қай баласың? Ана, бір көзі шиша, ақсақ падашының ғана жалаңбұт жүрген ортаншысымысың? Дәрігер сәл ыңғайсызданып, қас қағым сәт үнсіз қалды да: — Болсақ болармыз, онда тұрған не бар? — деді. — Е-е, бұлардың бәрі әліне қарамай тумай жатып шетінен зәкүншіл. Шешелеріңнің қойнына әкелерің емес, зәкүн түнеген бе осы, а? Дәрігерді ашу мен намыс кернеп, қып-қызыл боп кетті. — Ақсақал, — деді ол шарт етіп, — арға тимей сөйлеңіз. Мұндай сөзіңіз үшін сот алдында жауап бересіз, білдіңіз бе? Киеванның еңкіш кеудесі шыбықтай иіліп, кеңкілдей күлді. — Бә… бәрекелді-е… Сөзіңе болайын. Мені соттат енді… соттат… Ых-хх-хи-хи-и… Сөйтіңдер. Он жылға соттатып жібере алсаң кәніки, сексеннен асып қалар ем. — Егер мына кісі, — деді дәрігер қапсыра құшақтап отырған кемпірді қозғап қойып, — айтқан жерден аулақ, анау-мынау боп кетсе сіз жауап бересіз. Қысылып жатқан адамға дер кезінде көмек көрсете алмауым сіздің кесіріңізден. Актіде солай деп ашық көрсетем. — Ойбай-ау, — деді Киеван жұртқа қарап, — мынау не дейді– ей,а! Кемпір сенікі ме, менікі ме? Мені тап бір әмірикадан келгендей… Әктілеймін дейді ғой маған барып. Осы кемпірді күндіз-түні бағып отырған адам сияқты. — Ол дәрігерге қайтадан бұрылды. — Әктілемек түгілі, әктесең де кемпірімді бермеймін, түсір аттан. Тозып тұрған терісін жуалдызбен қырық тесік
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61