қылмақсың ғой. Түсір деген соң түсір! Киеван дәрігердің қолын сілкіп тастап, былқ-сылқ еткен кемпірін аттан түсіріп алды. Отасқалы бері кемпірін көтеретін сәттің келгені осы ғана. Жеп-жеңіл екен. «Күнәсі жоқ қой деймін байғұстың» — деді Киеван іштей, оны көрпешеге жатқызып жатып. — Ойпырмай, су, тым болмаса бір жұтым су берсеңдерші, — деді баяғы кемпір самауырдан кесеге су құйып әкеліп. Киеван кемпірінің басын көтеріп, ерніне кесені тигізді. Кемпірі аузын ашпады. «Сорың құрғыр, — деді Киеван оның басын көтере түсіп. — Қайдан сап ете қалған. Бағана ғана жаңа түскен келіндей қақаңдап жүр еді». Ол кемпірінің тамырын ұстады. Көзін жұмып ұзақ отырды. Кейінгі жылдары тамыр ұстап, тәуіпшілік жасайтын әдет тапқан. Айтқандары кейде дұрыс, кейде бұрыс шығады Бұрыс шыққандары бұдан жерініп, дұрыс шыққандары табынып жатады. Көкнәрін де көбінесе соның арқасында ажыратып жүрген жайы бар. — Шошыған екен, — деді Киеван көзін ашып. — Ой, Алла-ай, бұл неден қорқып жүр? Ол кеседегі суды самауырдан жаңалап құйып, оған екі атым насыбайдай тұз, сонан соң үйдің ішкі маңдайшасында ілулі тұрған адыраспанның төрт-бес дәнін үгіп салды да, күбір-күбір дұға оқып, кемпірінің бетіне шашып жіберді. Қыжымкүл көзін ашты. — Сорың құрғыр, «бісміллә» де, — деді Киеван оны сілкіп. Кемпірі тілге келмей балпиып жата берді. Әлдене айтпақ болды-ау, ернін бір-екі қимылдатты да, сөйлеуге шамасы келмей қимылсыз қалды. Маналы бері бұл оқиғаның себебін білсе де айтуға мұршасы болмай, қолайлы сәтті күтіп отырған почташы Киеванға жақындап: — Қорықпай-ақ қойыңыз, екеуіңіз әлі жүз жасайсыздар, — деді. — Кемпіріңіз қуаныштан талықсып жатыр. Немересінің хабары шықты. Міне, мына хат сіңлісінен кепті. Әлгінде оқып беріп ем. Басы дәрігер боп, жиылған үш-төрт адам бір-біріне қарап аңқиып қалды. Екі санына қолын салып тізерлеп отырған Киеван почташыдан көзін алмаған бойы орнынан сүйретіле тұрып, хатқа бір, оған бір, өзіне қадалған жұртқа бір қарап шықты. Сонан соң хат тасушыға қайта тесіліп: — Бәріңнің дендерің сау емес шығар, — деді. Түс көріп тұрсың ба? Қайдағы сіңлісі, қайдағы немере?! * * * Қыжымкүл кемпір екі күн дегенде өзіне-өзі әрең келді. Екі күннен бері қара судан басқа нәр татпағандықтан ба, беті қушиып, көзі ішіне кіріп кетіпті. Мына хабарға сенерін де, сенбесін де білмей, өң мен түстің арасында басы мең-зең боп екі күннен бері жөндеп көкнәр іше алмаған Киеванның да денесі құрысып, берекесі қашты. Кемпірінің ертерек төсектен тұруын тілеп еді, қайта оның тыныш жата бергені де дұрыс екен. Өзіне-өзі әбден келіп алған соң есі ауысқан адамдай «сіңлімнің үйіне барамын» дегенді шығарды. — Ойбу-уй, қой, тірлігі құрысын. Жалғызымыздан садаға бәрі де? Барайық, барайық деген соң барайық!.. Ол
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61