ай-шайға қарамай жол қамына кірісіп, буынып-түйіне бастады. — Әй, кемпір, босқа алжыма, — дейді Киеван. — Пәленбай жылдан бері көріспеген сіңліңе ебір-жебір боп қайтіп бармақсың. Тоқта, сабыр ет, азын-аулақ қаржы жинап алайық. Құрыдан құры… — Керегі жоқ, ештеңенің де керегі жоқ. Мені ешкім сынамайды. Дүние жинаймын деп отырғанда заман тағы өзгеріп, олар бір жаққа көшіп кетсе қайтпекпін. Жо-жо-жоқ, ертең ертеңгісін жүрейік. Ол жаққа бір барып қайтпай менде ұйқы да, маза да болмас. О, жарықтарым-ай, жалғызым-ау, бар екенсіңдер ғой жер бетінде… Киеван бұл хабарды естігенде қатты толқыды. Екі бірдей баласы соғыста қаза болып, кемпірі екеуі сопайып қалғалы бері жалғыздық тақсыретін көп тартқан. Әлдекімдермен жүз жыртысып, әлдекімдердің өзіне тілі тигенде іші құсаға толып, көңілі жетімсіреп қалатын. Сол кезде арқа сүйер, сүйеу болар таяныш іздейді. Мұңын шағатын шын жанашырды керек қылады. Кемпірінің қасында ұйқысыз жатқан түндері дүлдүл көңіл сонау-сонау артта қалған өмірін де шарлап қайтады. Қымқаның қолында қалған баланы аңсайды. Қанша күйрегенмен енді ол баланы таба алмайтынын, тіршілікті қаңтарып тастап тәуекел деп іздеп кетуге шамасы да, дерегі де жоқ екенін ойлап, көзіне жас алатын. Соңғы үш-төрт жылда көкнәрді көбірек ішіп, кәйіпке көбірек түсуі де ішті кеулеген сол дерттің уын басуы еді. «Қу бас боп тіршіліктен ізсіз өтер болдым-ау» деп талай түндерді кірпік ілмей атқарып жатқанда ол қарбалас кезде көз жазып қалған жас баланы күңірене сағынып келсе де, тап қазір сол баланың дерегі шыққан шақта кәрі жүрегінде адам түсініп болмайтын ерекше бір тосырқаған сезімнің бас көтергенін байқады. Әуелгі сәтте Киеван жылт еткен осы бір суық ойдан қатты сескеніп «жалғыздыққа, қу бастыққа үйренген арам ниетімнен ғой» деп өзін-өзі қаралап, өзін-өзі іштей сөгіп еді. Қарынға жабысқан талақтай әлгі бір сезім басынан кетпей тұрып алды. Оның үстіне, тамақ ішіп, әл жинап алған соң арық қояндай ғана қалжасы бар мына кемпірі «сіңліме барам, жалғызымның хабары шықты» деп ессіз қуанып, сол қуанышы арқылы мұның жүрегіне қызғаныш сезімін ұялатты. Түрі-түсі баяғыда ұмыт болған, бірер айдың ішінде бірнеше рет қана көрген баланың баласымен қиялында ғана табысып, іштей аңсап келіп еді ғой, енді бұл не? Ай жаңарғанда жаңғыратын кесел сияқты мұның да қуанышты сәтті ғана күтіп, ішектегі жыландай өз иесіне де білінбей жүрек түкпірінде ұзақ-ұзақ жылдар бойы жасырынып келгені ме? «Жо-жоқ, менің бұным күпірлік. Сыз топырақтың иісі мұрныма келген шағымда арамдық ойлау не теңім». Таң атса болды, «ертең жүремін» дейтін кемпір сол ертеңмен-ақ екі айдай үйден шыға алмады. Киеван сельсоветтің бастығының қыр соңынан қалмай жарты жылдық пенсиясын алдын ала сұрап еді, ол заңға сыймайды деп көнер болмады, сонан соң алты айлық жәрдем
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61