ақшасын кейін құятын болып колхоздың кассасынан төрт жүз сомдай ақша алды. Кассир де ылғи үш сомдықтан берген екен, үйге келген соң кемпірін қасына мөлитіп отырғызып алып түн жарымы ауғанша санады. — Құдай-ай, шпаналар тонап кетер ме екен, — деді кемпірі көзі алақандай боп. — Мұншама алдым деп жария қыла берме, арзымайтын пұл дей сал. — Далбасалама, — деді шалы ежірейіп, — ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады. Шпана сені неғылады. Шпана сені көргеннен тұра қашар. Шайыңды ысыт. Кемпірі оған таңырқай қарады. — Неменеге бақыраясың? Шайыңды ысыт! Үш күн ақшаның соңында жүрем деп көкнәр де ішпедім. Қыжымкүл орнынан сүйретіліп көтеріле берді де тіреуді құшақтап тұрып қалды. — Не болды әй, — деді шалы зекіп. — Бісміллә… бісміллә, — деді кемпір кәлимаға тілін келтіріп, — басым айналып кеткені. — Қазір бір ұрттам көкнәр ішсең дым да қылмайды. Шошаң етпей жайлап тұрмайсың ба? Кемпірі біршама мең-зең боп тұрды да, самауырды көтеріп сырт-сырт басып далаға шығып кетті. Кәрі сүйекті қайғы да, қуаныш та бірдей тұралатып кетеді екен. Кемпір мен шал балаша қуанып, көрші-қолаңдардан екеуі екі есек сұрап алып, жиырма шақырымдай келетін базарға барып, көңілдері мен қоржындарын толтырып қайтып келгенде, жүрек жарар тағы бір қуаныштың үстінен түсті. Почташының сегізінші класта оқитын немересі бұлар ауыл шетіне келе бергенде алдарынан жүгіріп шықты. «Ата, әже, сүйінші!» деді. Қолында сарғыш конверті бар. …Әскердегі немерелерінен кепті. Екеуі есектен түсе қап, май топырақ жолдың үстінде оқытты. «Жаннан артық көруші атамыз Молдарәсіл, әжеміз Қыжымкүл, — деп бастапты хатын немерелері: Жамиға әпкемнен сіздердің бұ жалғанда бар екендеріңізді білгенде төбем көкке жеткендей қуандым. Енді мен де біреуді әже дейтін болғаныма шексіз қуандым. Құдай-ау, бұл өңім бе, түсім бе деп көпке дейін қолыма қалам ұстай алмадым. Енді сіздерге қарай ұша жөнелуге қанатым ғана болмай тұр. Бір жылдан соң әскерден босаймын. Сонда тура ауылға, өздеріңізге барам. Осыдан жеті ай бұрын ғана отпускіде болып қайтып ем, енді сұрағанмен бәрібір жібермейді. Қазір службам жақсы. Денсаулықтың арқасында армиялық борышымды ойдағыдай атқарып жатырмын. Жақында марш-бросок болды. Ол өте қиын. Қатты шаршадық. Мен бәрінен озып шықтым. Батальон командирі солдаттарды қатар-қатар тұрғызып қойып: «Молдарәсілов, бері шық!» — деді. Мен алға шықтым. Командир жұрт алдында маған алғыс жариялады…» Киеван хаттың ар жағын ұға алмады. Қолы қалтырап құлағы шуылдап кетті. — Не дейді, құдай-ау не дейді! — деді ол баланың білегінен шап ете түсіп. — Молдарәсілов?! Қайта оқышы, айналайын, әлгі жерді қайта оқышы. Шалдың көз алды бұлдырап кетті. Күн қақтаған еріндері дір-дір етіп «Молдарәсілов» деген сөзді қайталай берді. «Молдарәсілов» дейді, ә? Құдай-ау, мені ұмытпағаны ма
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61