ішіне қолын сұқты да, дір-дір етіп бір уысын алып шықты. Онысын әлгінде көкнәр езген боз қалтаға салып, кенеп дорбаның аузын енді қайтып шешпейтіндей тас қып байлап тастады. Сәлден соң кемпірі самаурынды гүжілдетіп алдына әкеп қойды. Қырдағы ауылдың әтештері үшінші рет шақырғанда, Киеван көкнәрға жаңадан кірісе бастады. Бағанағы кептің бәрі басынан қайталанып, кемпірі таң сыз бергенше шалына шай құйып беріп отырды. Кәйіпі бойға тарап, шөлі қанған соң Киеван жастыққа қисайған бойы қалғып бара жатты. Әлден соң кемпірі буын-буыны сытырлап орнынан тұрды да, кесе-шәйнектерін тықырсыз жинай бастады. Бәрін дәлізге тасып болып, шалының үстіне көрпе жапты, өзі білте шамды өшіріп, жаңа отырған жеріне кеп қисая салды. Әбден қалжырап қалған екен, жамбасы көрпешеге тиген бетте-ақ маужырап ұйықтап кетті. Далада таң атып қапты. Үй ішіне бозғылт сәуле түсіп тұр. Бірі төрде, бірі тіреудің түбінде ұйықтап жатқан кемпір мен шалдың қалжалары қарайып қана көрінеді. * * * Осы бір көкнәр деген бәлеге қалай құмартып соңына қалай түсіп алғанын өзі де білмейді. Ілгеріде, осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын қатты ауырып, топ етіп төсек тартып жатып қалғаны бар. Жұрттың дәрігер дегенді естімеген, есіте қалса тұра қашатын кез. Бұл үйінде үш-төрт күн жатып қалды. Сонда ауылдың бір тәуібі кеп зерен тостаққа толтырып, қап-қара ғып көкнәр езіп беріп еді. Құданың құдіреті, сол шынымен шипа болды ма, әлде көңілге медеу берді ме, ертесіне басын көтеріп тамақ ішетін болды, тағы екі күн өткен соң құлан-таза сауығып шаруаға араласып кетгі. Сол-сол басы ауырып, балтыры сыздай қалса ем-домға жүгініп жатпай ауылдағы көкнәрші шалдарға жүгіретін. Ол кезде не көп, көкнәрші мен апиыншы көп, рахат бір заман еді ғой. «Пәленшеке, қалтаңызды шығарыңызшы» десе, бүгінгідей бәлсінбей, қалтасынан баданадай-баданадай аппақ көкнәрдан мол қолымен алып, саудыратып тұрып салар еді. Сонан соң «бәйбіше, самауыр қойып жібер» деп мақпал дауыспен айқайлап қойып, «иә, шаруа қалай?» деп есен-саулық сұрап, қоңыр дауыспен өткен-кеткенді майын тамызып жіпке тізер еді. Ауыл бойынша мұның жақсы көретіні, іздеп, айызы қана әңгіме тыңдайтыны Жүзбай көкнәрші еді. Екі беті нарттай, жасы алпыстан асса да сақал-мұрты қап-қара, сүйегі мықты болатын. — Нәпсі деген адамды әмәнда күнәға бастайды, — деп аппақ саусақтарымен көкнәрді асықпай езе отырып сөзді әріден бастаушы еді жарықтық. — Апиын ішсең де, көкнәр ішсең де, шарап ішсең, де, немике нәрсе істеме, бәрінде де нәпсіні тежеп ұстау керек. Құдай шебер бұлардың бәрін о баста жаратуын жаратып алды да, қол астындағы пендесі шектен шығып, бұзылып бара жатқан соң олардың кеудесіне қанағат дегенді әкеп орната қойды. Қанағат қып шақтап ішсе, тартып ішсе көкнәр дегеннің күнәкарлығы жоқ, қайта, деннің тазалығына себеп болады.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61