ТІРШІЛІК

оның? Мына тозған жаман шалдың атын ұмытпағаны ма оның? Көрсеткеніңе шүкір! Киеванның иегі кемсеңдеп, көзінен аққан жас ыстық май топыраққа тырс-тырс тамды. Кемпір тағы мұрттай ұшты. Өткендегідей, емес, төсекте жатса да сөзден қалмады. Олар базардан алып келген өрік-мейіздерін дастарқанға салып, көрші қолаңдарына шай берді. Ауылдың көкнәр ішетін шалдарын теріп шақырып, Киеван оларды жақсылап тұрып сыйлады. Қыжымкүл жатқан бөлмеге өзі қайта-қайта барып, дабырлап сөйлеп жүр, күліп жүр. «Енді теңелдік, кемпір, екеуміздің ортамыздағы сөнген шырағымыз қайта жанды» деп қояды. Әскердегі немерелері хаттың ішіне суретін салып жіберген екен. Кемпірі көз тиеді деп көп адамға көрсетпей төсіне басып жатыр. Қайта-қайта қарайды, қараған сайын бода-бода боп жылайды. Ет пісіп, қамыры түсіріле бергенде қазан-аяқ маңында жүрген бір кемпір Киеванға: — Әй, көкнәрші, ана Қыз Жібегіңді тұрғызсайшы, —деді. — Немересінің той дәмі ғой, ауыз тисін көпшілікпен бірге. Киеван кемпірі жатқан бөлмеге сөйлей кірді. — Қуаныш жарығымның суретін өзің көріп-ақ сарғайтатын болдың ғой. Мейірімің қанбаса да көңілің тояттаған шығар, шамаң келсе тұр, көпшілікпен бірге тамақ іш. Кемпірі қозғалған жоқ. — Ей, мынаған не болған, есің дұрыс па өзіңнің! — деп Киеван кемпірінің бетінен қолын жұлқып көтеріп қалғанда оның шаңыраққа қарап аларып қатып қалған жанарын көріп, бойы мұздап сала берді. — Далбасалама! — деді ол қуарып. — Мұның не?! –Ұстындай ұзын Киеван теңселіп барып кемпірін құшақтай құлады. — Байғұсым-ау, бір уыс болған байғұсым-ау, — деді ол кеңкілдеп. — Мені тастап кеттің бе? Немерең келе жатыр ғой, немерең… Момыным-ау, тірегім-ау?!.. Еһ-еһ-еһ-е-е… Киеванның даусын естіп топ адам ішке кірді. Төр алдында қаннен-қаперсіз Қыжымкүл жатыр. Байдың қызы боп дүние қызығын көрмей, адам болып алысқа ұзап жол қызығын көрмей, әйел болып әуелгі жар қызығын көрмей, ана болып бала қызығын көрмей, жетпіс жыл ғұмыры күйбең тіршілікпен тураған еттей зу етіп өте шығып, бұ дүниеден аттанып кете барды. Әке қайда, ана қайда, толып жатқан ағалар қайда, шешесі өлгенде мола басында шырқырап жылап қалған іні қайда? Әкесінің конфискеге ілініп айдалғанын естіген, шешесінің өлімін естіген жоқ, естімесе де кәрілік жетіп көз жұмған шығар деп ойлаған, ал, қалғандары ше? Бар ма, жоқ па, бар болса мына жалпақ жердің қай бұрышында, қай түкпірінде жүр? Шүйкедей кемпірдің бұйығы кеудесіне сары сем боп қатқан шер-мұңы жібімеген бойы қабірге бірге кетіп бара жатқанын шуылдап жылап тұрған мына көрші-қолаңдар білер ме? Олар үшін бір адам туылды, бір адам өлді, бары сол ғана, тек сол ғана. Қабіріне жас топырақ үйіп, моласының басына кетпеннің сабын сындырып қадағаннан кейін-ақ күллі жұрт оны ұмытады. Оны ұмытпайтын, оның кеудесінде қаншалықты зіл-батпан өксікті арман кеткенін білетін бір-ақ адам бар,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61