«Жүзекең езген көкнәр бал татиды» деуші еді жұрт, сонысы ып-рас. Өзге көкнәршілердей емес, ол қалтасын екі-үш күн сайын жуып, ауыстырып отыратын. Суға салсаң көкнәрдің бәрі бірдей жіби береді ғой, бірақ Жүзекеңнің бипаздап, қалтаны табақтағы суға ары-бері аударып, одан дер кезінде шығарып, баптап тұрып езгенде суы тобылғы түстеніп, бір ұрттағанша сілекейің шұбырып, тіпті, өмірінде мұндай нәрсені аузыға алып көрмеген адамның өзінің ынтызары ауып отырар еді. Ол кезде Киеванның аты –Киеван емес, Молдарәсіл болатын. — Ал, Молдарәсілжан, алып қой, — дейтін ол, кесенің түбінен ғана ұстап бұған беріп жатып. Молдарәсіл запырандай ащы көкнәрді көз жұмып тартып жіберіп, «увв» деп басын шұлғиды. — Қой, ішкен нәрседен жиренбе. Жирендің екен, ол харам, аузыңа алушы болма. Қане, шай іш. Есіңде болсын, көкнәрден соң қаталап өліп бара жатсаң да өлі су ішпе. Шайға жетіп жығыл. Әйтпесе, ішің кеуіп, ішегің түйіліп тіл тартпай кетесің. Сол Жүзекең жетпістен асып барып, қылтамақтан қайтты. Ол өлген соң ауылда ақсүйек көкнәрші қалмады. Көкнәр ішкеннің жөні осылай деп талғам да жоқ, шама да жоқ, алдарына келгенді басқа көтеріп, былапыт қып жібереді. Бұрын бәрі де Жүзекеңе қарайлайды екен-ау, енді кеп көкнәр ішсе тоя ішіп, түбі түсе құнығып, есігінің алдындағы жалғыз тоқтысын бір қадақ көкнәрға айырбастап, ол біткен соң ел кезіп, үй бетін көрмей кететін киевандар да қадау-қадау шыға бастады. Әуел баста ден тазалығы үшін шым-шымдап бастаған Молдарәсіл енді көкнәр ішпесе басы ауырып, бір қимас затын жоғалтқан кісідей күні бойы мең-зең боп жүретінді шығарды. Бұл қарайлайтын әке-шеше жоқ, бұған қарайтын қатын-бала жоқ, бітпей қалды-ау дейтін шаруа екі бастан тағы жоқ, таңертең әкеден қалған екі бөлмелі қоржын үйінен шығып көңілі түскен жаққа ауып кете барады. Барған үйінен ас-су ішіп, қарнын сипап тағы шығады немесе дәм татқан жердің бітпей жатқан жұмысы болса, шаңын шығарып әне-міне дегенше еңсеріп тастайды. Бойында қайраты тасыған, қайда жұмсаса да, кім жұмсаса да арланып, тартынып жатпай білекті түрініп тастап қойып кететін, тепсе темір үзетін аңқылдақ жігітті кім жек көріп, кім кет дейді, қайта, бұл кірген үйдің иелері — «о-о, кел, кел» деп өздері төмен жылжып жоғарыдан орын береді, шайларын еселеп демдеп, дастарқан жаңартады. Тіпті, дәл бүгін бітпей жатқан тірліктері болмаса да жалпақтап жатқандары, өйткені ертең болмаса арғы күні, я болмаса келесі жұмада, әйтеуір, не көп — құдайдың күні мен адамның тірлігі көп, солардың бірінде мұны жайлап шақырып алып сыпайылап жұмсай қояды. «Жарайды, үлкен кісі жұмсағанда жасы кіші қай қазақ нәмақұл» дейді деп, Молдарәсіл ағынан жарылып аттанып бара жатқанда оған естірте: «Әкеңнен айнымай туған екенсің, тартсаң осылай тарт, ол кісі де ел үшін,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61