кісі күту жағын мықтап қолыңа ал» деген соң, бұл байғұс жаны қалмай кірісті ғой. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Ауық-ауық шалдардың арасына сүңгіп кетіп, бір кесе көкнәрді тартып жіберіп рахаттанып шығады. Көкнәрдің бойға қуат береді дегені рас екен, ол шаршағанын ұмытып, қолтығы сөгілгенше жыңғыл бұтайды. Осы той тарқардың алдында ол дастарқан шашуына деп бөлек тігілген киіз үйден жарты қаптай көкнәр алған. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, жұртқа көзін сатпай-ақ төрт-бес ай ішуіне ойланбай жетеді. Жусанның басы ауыр бітсе, қой егіз табады. Молдарәсілдің үйіне біткен жарты қап көкнәр шалдардың шақыртқысы болды. Жарты қап көкнәр таусылғанша талай-талай әңгімелер ағытылып, талай кештер, қарқ-қарқ күлкімен босқа өтті. Бәрі жомарт, бәрі дарқан, бәрі де шетінен дүниенің бетіне қарамайтын мәрт боп шалқып отырған осындай шала кәйіп сәттің бірінде Молдарәсіл үйленгісі келетінін, әке-шешенің қазан көтеріп, от жаққан жерінде түзу түтін түтетпек ойы барлығын, бірақ осы отырған ауыл қариялары қол сілтеп қолтығынан демемесе, жоқшылық үзеңгіге аяқ салдырмайтынын аңғартып өтті. Манадан бері қарқ-карқ күлкіге қамшы боп жамбас соғып жатқан барша алақан сақал біткенді уыстап, бір сәтке тыныштала қалды. «Імм» — деді біреуі шынтақтағы қоға жастықты бауырға тартып. «Жө-өн» деп екіншісі төбедегі паруазға қарады. «Е, Алла-а, өзің жарылқай гөр», — деді үшінші біреуі мүлде лағып. Көмейде сөз тұншығып, кеседе шай суып қалды. «Осы елдің бел баласымын ғой, аузымнан «үйленем» деген игі сөз шықса бәрі іліп әкетіп, тұс-тұстан кеу-кеулеп: «Ойбай қанеки, қалауыңды айт!» — деп шулап қоя берер деп ойлап еді, мына шалдардың молданы көрген әптиек балаларындай жым-жырт боп үнсіз қалулары Молдарәсілді түсініксіз, беймағлұм тұйыққа тіреп тастады. Қара табан жарлы болмақ түгілі, қаңғып жүрген қайыршы болсаң да затың адам болған соң адамға тән өмір белестерінен аттауды кім ойламайды, тым құрыса іштей кім көксемейді, сол сияқты Молдарәсілдің де «үйленсем» деген сабау ұшындағы түбіттей желбіреген нәзік үміті жоқшылық тұтқыны боп кеудесінде талай жыл булығып, бүгін ғана сыртқа жасқана сығалап еді, мына шалдардың қуаныш емес қайғылы хабар естігендей бастары кеуделеріне құлап, сырқаттай ыңырана қалулары оның жүрегін қоян тепкендей дір еткізіп, көкірегін удай ашытты. Олардың бұл қалпынан, «Барыңды беріп отырып жоғыңды айтпа, екі қос уыс көкнәрмен сыйладым деп шала кәйіп шалдардың аузын арзанмен алып, оңайдан олжа таппақ екенсің ғой», — деген сыңай байқаған Молдарәсіл бұл үнсіздікті бір-екі ауыз сөзбен-ақ шай кеседей шайып жібергісі келіп: — Ақсақалдар, шай суып қалды, ыстық-ыстық шай алыңыздар қане, — деді өзіне таяу отырған жирен сақалдының кесесіне қолын созып. — Асымды беріп ақысын сұрағандай болдым ғой, онымды айып тұтпаңыздар, кісіге қарап, кісіге еркелеп, кісіге арқа сүйеп үйреніп қалған әдет қой, тісімнен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61