деп үйіне ертіп барды. Табалдырықтан аттай бергенімде, үй ішіндегілер дуылдап қарсы алды. Ләтифа көрпе салып, шай қойып, тамақтың қамына кірісіп, аяғы-аяғына жұқпай зыр жүгіріп жүр. Тамақ ішіп, ымырт жабылған соң ғана Бекеттің жұмыстан келгенін естідім. Сол бойда далаға атып шығайын дегенімде, үйдегілер: «Біз Нұркен келді дейік, қалай қуанар екен», — деп етегімнен тартып отырғызып қойды. Ләтифа далаға жүгіре шықты да: — Әй, Бекет, інің келді, сүйінші! — деп айғайлады. — А, Нұркенжаным ба?! Айналдым-ау, айналдым-ау әшейін, қайда, кәне?! — деген Бекеттің таныс дауысын естігенімде, өзімді-өзім ұстай алмай далаға атып шықтым. Босағадан аттай бергенімде, Бекет маған қарсы жолықты. Қолындағы ұзын қамшысы сарт етіп жерге түсіп кетті де, құшағын айқара ашып маған қарай ұмтылды. Мен де оның мойнына асыла, шаң мен жүгері сабағының қышқылтым иісі сіңген құшағына еніп кеттім… Екеуміздің табысып, біраз мауқымыз басылған соң, Бекет: «Айналайын, үйге жүр, есіктегі құлыпты көріп көңілің босаған жоқ па? Міне, келдім ғой мен», — деді дірілдей сөйлеп. Бекеттің үйге жүр дегенін есітіп, Ләтифаның енесі: «Бүгін осында болыңдар, не бар от жағылмаған тамда, ертең-ақ барарсыңдар», — дегенде, менің денем әлдене есіме түсіп дір еткендей болды. Бұл сөз Бекетке де ауыр тиіп қалса керек, ол қабағын бір түйіп, маған жалтақтай қарады да, қолымнан ұстап үйге асықтыра түсті. Үйге келсек, есік алдында үстіне жүгері паяны қайыстыра тиеген арба тұр екен. Сонда барып есіме, көктемде егілген жүгері түсе кетті де, Бекет жалғыз өзі соны жинап жүр екен ғой деп ойладым. Бекет бір ересек балаға, «Аттарды шығарып қоя салшы», — деді де, қойын қалтасынан кілтті алып, есікті ашты. Бағаналы бері пырылдап, аяққа оралып жүрген мысық, бізден бұрын үйге жүгіріп кірді. — Төрем, алтыным келді ғой менің, — деп Бекет, анам сияқты өзінен-өзі сөйлеп жүр. Үйге кіріп келгенімде іштегі өзгерістерге көзім бірден түсе кетті. Үй тап-тұйнақтай, пияла-шәйнектер қатар-қатарымен үлкен столдың үстіне жиналыпты. Қабырғада сағат. Сырт-сырт жүріп тұр. Бекеттің таңертең кеткеннен үйге келіп тұрғаны осы болар, сағаттың шынжырлы тасы жерге тиюге аз-ақ қалыпты. Мен келді дегенді естіп, ауылдың біраз адамдары жиналып қалды. Өтіріктері ме, шындары ма, әйтеуір бәрінің де ауыздарынан шығатыны: «Айналайын, дардай жігіт бопты», — деген бір-ақ сөз. Бекет қуаныштан не істерін білмегендіктен бір орында тағат таба алмай, далаға бір шығып, бір кіреді. Жиналғандардың бәрі тарап, үйде екеуміз қалған соң, ол орнынан тұрды да, сандықты ашып: «Мынау саған деп алғаным, төрем, киші кәне, жарасар ма екен», — деп бір костюм-шалбар алды. «Бекет-ау, бұны несіне алдың, өзің-ақ кие берсеңші, маған киім жеткілікті» — дегенімде: «Мені нағыласың, ауылдамын ғой. Маған бәрібір, сен кисін
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21