МАЗАСЫЗ КҮНДЕР

I

Командировка… Алматыдағы республикалық байланыс әкімшілігінде істеп келе жатқан тоғыз жылдан бері осы бір сөз менімен ешқашан да ажыраспас серігім болып алды. Кейде, Қазақстанның сонау бір түпкірінде апталап, айлап болып өз үйіңе сағынып, сарғайып әрең жетесің. Әйтсе де үйреніп қалғандықтан ба, тыныш өмірдің кездейсоқ екі-үш айы артта қалса-ақ телефон әрбір шылдыраған сайын трубкадан нұсқаушының: «Дербісалин жолдас, сіз пәлен облыстың, пәлен ауданына командировкаға баратын болдыңыз» деген үнін асыға күтетін едім. Міне, сол командировкаға тағы аттандым. Бұл жолғы сапарым — Арыс қаласы. Ескі өрнекпен салынған вокзал маған бірден ұнады. Күн түстіктен әлдеқашан ауып қалса да, мұнда ыссы екен. Маңдай терімді орамалмен жиі-жиі сүрте отырып камераға ентігіп әрең жеттім. Ырысыма қарай мұнда жүк тапсырып тұрған бір балалы әйелден басқа ешкім жоқ екен. Сөйте тұра, жүк қабылдаушы кемпір бас-аяғы екі адамды жарты сағаттай айналдырды. — Аты-жөніңіз кім? — деді бір кезде зор дауыспен. — Мәкәрім Дербісалин. — Кім дейсіз? — Мәкәрім Дербісалин! Ол «імм» деп саптамасы жіңішке жез сыммен құрсауланған көзілдірігін киіп, алдында жатқан алмадан бір тістеді де, балуан саусақтарымен асықпай жаза бастады. — Ии-иә. Фамилияңыз Дербісалин. Ал, атыңыз? — Япырым-ау, әлгінде бір емес, екі рет айтып едім ғой. — Атыңыз? — деді ол менің сөйлеп тұрғанымды мүлде естімегендей. Есімімді амалсыз үшінші рет айтуға тура келді… Мен вокзал маңындағы шағын мейманханаға орналасып, қасындағы теміржолшылар павильонынан тоңазыған сиыр еті мен қоса бір саптыаяқ салқын сыра ішіп болып сыртқа шыққанымда сағат дәл төрт болған еді. Жолай кездескен бір-екі адамнан байланыс бөлімшесінің қайда екенін біліп алдым да, қиыршық тас төселген көшемен ілгері қарай жүре бердім. Алда әлі толық бір ай бар. Ал мен, әрбір сапарға аттанған сайын болмашы нәрселердің бәрінен сақтандырып, кей-кейде тіпті сөз арасында, «машиналардан да абай боп жүр» деп үздіксіз өтініш жасайтын Әлисаны, кішкене Мұрат пен Ақан туралы ойлап келемін. Кей кезде қарсы келіп, сигнал берген машинадан селт ете түсіп, жол жиегіне шыққан соң жалғыз екеніңді осынша қалада өзіңді танитын бірде-бір адамның жоқ екендігі есіңе түскенде, айналасы бір тәулікте үй-ішіңе деген сағыныштың пайда боп үлгіргенін сезінесің. Мен ағаш шарбақпен қоршалған бір қабат аласа үйге жеткенімде қыздырылған темір табақтай дөңгелек күн жұртшылықты күні бойы әбіржіткеніне ұялып, енді сол қызбалығы үшін кешірім сұрағандай ағаш-ағаштың арасынан сығалай қарап, ұясына қызара батып бара жатыр еді. Осы кезде көк сырмен боялған қақпаның есігі шалқалай ашылып, ар жағынан үш-төрт адам дабырлай шықты. Өздері әлдене туралы қызу айтысып барады. Маған көңіл де бөлген жоқ. Тек соңынан шыққан жиырмалар шамасындағы бір жас жігіт қана танымаса да маған күле қарап, темекісін дәл аяғымның астындағы

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45