деп алдым. Киімің артық боп бара жатса чемоданыңа салып қой, әйтеуір бір киерсің», — деді шалбарды маған өлшеп жатып. Ақыры оны маған кигізді де, құйып қойғандай шақ екенін көріп балаша қуанды. Байқаймын, Бекеттің өзіне алған киімі жоқ сияқты. Ілулі тұрған ешнәрсе көзіме шалынбады. — Өзіңнің костюмің бар ма? – Бар ғой, ана сандықта. Тегі мен жөнінде қысылмашы. — Бірақ кейіннен сандықты ашып көргенімде, бір-екі жуылған көйлектен басқаны оның ішінен байқай алмадым. Түннің біраз уағы боп қалған соң, біз төсек салып, дәл баяғыдай құшақтасып жатып қалдық. Бекет тапқан азды-көпті ақшасына бір стол, сағат, сандық, екі қой сатып алғанын, анадағы ешкінің егіз туғанын, көктемде қой төртеу, ешкі алтау болатынын айтып, ұзақ уақыт әңгіме қылып жатты. Неге екені белгісіз, дәл осы кезде, Бекеттің апам ауырып жатқанда қазан-аяққа жоламай, малға жем беріп, оның астын айнадай етіп тазалап жүретіні есіме түсті. Дүниеқоңыздылық шығар мұныкі деп ойлаушы едім. Сөйтсем ол соның бәрін бір мен үшін істеген екен ғой деп ойлаймын қазір… Таңертең ұйқымнан оянсам, орнында Бекет жоқ. Көзімді ашып қалғанымда есіктен көлең етіп шығып кеткен әйел көйлегінің етегін көріп қалдым. Қазір қайта соғылған, бұрынғы ауызғы үйдегі пеш жақта ысылдап қайнап жатқан шәйнектің даусы естіледі. «Бұл кім болды? — деп ойладым іштей, — үйді тап-тұйнақтай етіп жүрген де осы көлең еткен көк етек емес пе екен?» Орнымнан ақырын көтеріліп, терезеден сыртқа қарадым. Жерге түскен күзгі қырауға шұбалта із тастап, Бекет екі қой, бір ешкісін бір топ малға апарып қосуға айдап барады екен. Мен киініп, енді жуынуға тысқа шыққанымда, Бекет қайтып келді. — О, төресі, тұрып қалғансың ба, әкел мен құяйын, — деп, қанша қарсылассам да болмай, шәйнекті қолымнан алды да маған су құя бастады. Тамақ ішіп болған соң Бекет аттарын жекті де жұмысқа кетуге дайындалды. — Нұркенжан, үйде қаласың ба, әлде менімен бірге жүресің бе? — деді ол арбасына мініп жатып. Мен одан неге бөлінейін. Әрі, бұрын ауылда жүргенімізде Бекет екеуміз өткен-кеткен арбаға жармассақ, олар тұра кеп қуушы еді. Сонда: «Шіркін, арбакеш болу қандай жақсы, бүлкілдеген арбаға емін-еркін отырып, азаннан кешке дейін рахатқа шому бақыт емес пе?» — деп ойлайтынбыз. Алаңсыз бала көңілім сол ойымнан әлі айықпаған болса керек, арбаға қарғып міндім де, Бекеттің жанына отырып алдым. Менің келгеніме, әрі өзімен бірге жүргеніме Бекет қуанғандай, мақтаныш тұтқандай кешке дейін көңілді жүрді. Қырман басында мақташы қыздармен сілесі қатқанша алысып ойнады. Қыздар Бекетті жек көрмейтін сияқты. Шынында да, ол қара торының әдемісі емес пе? Жас қыранның жанарындай ойнақшыған отты көздері, сәл жалпақтау, сонысымен жарасымды мұрны, күлгенде екі бетінде пайда
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21