БЕКЕТ

бола кететін шұқырлар, оның барлық бейнесіне үйлесіп, сұлуландыра түсетін. Қыздар оның осы қасиетіне қызығып жақсы көре ме, әйтеуір оған тиісе кетіп, алыса түседі. Дәл осы кезде оның ойына баяғы мектептегі өмір орала кете ме, Бекет әлденеге қымсынғандай кей кезде маған бір-екі рет назар аударып, қызарып кететін де: «Қойыңдар, қыздар, осы да жетер» — деп қоятын. Ағам үшін мен мақтанам, мен үшін ол мақтанады. Күн кешкіріп бара жатты. Осы кезде қыр басына шығып алып бүкіл колхоз даласына сол жерден көз тастасаң, өңір қандай көрікті болып көрінеді десеңізші. Тұс-тұстан гүрілдеген мотор мен сақырлаған арба үні, көкжиекке дейін көсілген мақта даласы, оның ішіндегі шапырлаған терімшілер, сол даланың төбесінде көгілдір пердедей қалықтаған түтін аралас дымқыл шаң, бәрі де алыстан қарағанда, колхоз өмірін ерекше бір сұлулыққа бөлеп тұрғандай көрінеді. Біз арбаға бір топ қыз-келіншектерді сығай тиеп, қазылған жолдың май топырағын бұрқылдата, кешқұрым ауылға қайтып келеміз. Колхозшылар шуылдап ән айта бастайды. Ұзын қамшысымен аттың бауырына анда-санда бір тартып қап, оларға қосыла Бекет те әндетеді. Оның ат сауырына тиген қамшысынаң ізі «х» тәрізді ақ жолақ болып қалып жатыр. Менің дәл осы кезде өн бойымды ерекше бір қуаныш кернеп, өзімді соншалықты бақыттыдай сезініп, ұяла батып бара жатқан күнге қызыға көз алмай қарап келемін. Ән ырғағына оқтын-оқтын өзімнің де қосылып кеткенімді байқамай да қалатын тәріздімін. Бір кезде жұрт жол-жөнекей түсіп болды да, арбаны салдырлатып біз үйге де жеттік. Келсек, қойлар есік алдында маңырап тұр екен. Бекет арбадан секіріп түсті де, жұмыстан ала келген бір бау күздің қатқыл шөбін қораға апарып шашып тастады. Бекет айтқандай, «менің бәсіре қойларым» осыған әбден дәніккен бе, тар есіктен тығылыса кіріп барып, шашылған шөпті күрт-күрт шайнап жатыр. Біз үйге кірген соң мен шам жақтым да, Бекет шай қойды. Шай ішіп болған соң, күні бойы қалжырағандықтан менің маужырап ұйқым келе бастады. — О айналайын, шаршадың ба, ұйықтай ғой, — деп Бекет қалың етіп төсек салып берді. –Өзің қашан жатасың? –Міне қазір. Бекет пияла-шәйнектерді жинастыра жүріп, әр нәрсе туралы тынбай сөйлеуде. «Япырай, Бекет қалай шаршамайды, — деймін іштей, — күндегісі осы ма екен, сағат шынжыры күнде осылай ол келгенде жерге тиюге аз-ақ қалып, қарны ашқан байғұс тарғыл мысық күнде терезеден сыртқа қарап, кешке дейін мияулап тұра ма екен? Сонан соң, Бекет қалай өзгеріп кеткен, тіпті ашық-жарқын ғой». Мен осыларды ойлап жатып, бір кезде тәтті ұйқыға шомып кетіппін. Әлден уақыттан соң көзімді ашып, қасыма қарасам Бекет жоқ! Япырмау, оның әлі жатпағаны ма? Сипалап тауып алып, сіріңке шағып қарасам, сағат төрт болыпты. Оның осы уақытқа дейін жатпауы мүмкін емес

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21