қой. Ендеше, ол қайда жүр? Орны мұп-мұздай. Соған қарағанда ол мүлде жатпаған да, немесе әлдеқашан тұрып кеткен. Дірілдеген ай сәулесі экранға түскен кино кадріндей, есік алдындағы ағаш суреттерін қабырғаға жапсырыпты. Тым алыста келе жатқан трактордың гүріліндей боп, көрпе астында жатқан мысықтың пырылы құлаққа үздік-үздік естіледі. Жалғыз өзім елегізігендей, әрі Бекетті іздегендей сезіммен, ақырын басып тысқа шықтым. Күміс қырау жамылған жер беті ай сәулесінен бейне бір толқыған мұхиттай жалт-жұлт етеді. Тысқа шығып жан-жағыма көз тастағанымда, анадай жердегі дуал көлеңкесінде қараңдаған екі адам көзіме шалына кетті. Біраз аңғарып қарағаннан кейін екеуін де тани кеттім. Бірі — Бекет, екіншісі — Ләтифа! Мен өз көзіме өзім сенбегендей, бір орында қозғалмастан, селтиіп ұзақ бақыладым. Дәл солар! Сол кезде менің денем түршігіп кеткендей болды. Әрине ол күзгі суықтың әсері емес еді. О, Бекет! Сенің мұның не? Ол әйел ғой, әрі сен он сегізге де толған жоқсың. Ал ол сенен аттай алты жас үлкен! Мен Бекетті Ләтифаға қимағандай, тап қазір жүгіріп барып оны менің ағаммен екінші рет жолықпастай етіп ұялтып, не ұрысып тастауға да бекіндім. Ондай істі жасау қолымнан келер ме еді, келмес пе еді, әйтеуір өзімді әлдене тежеп тұрғандай, олай қарай бір адым да аттай алмадым. Әне, Бекеттің сөйлеген сөзі де маған анық естіліп тұр. — Апам да сені жақсы көруші еді, Ләтифа, бірақ ол байғұс екеумізді осылай болады деп әсте ойлаған жоқ қой. Ол кісі мені «тасбауыр» деуші еді. Сол «тасбауыр» деген ойдан арыла алмай кетті. Осы жағын ойлағанымда қабырғам әлі қайысады. Ол кезде бала екенмін, еш нәрсені ойламайды екенмін ғой мен. — Қойшы, Бекет, уайымға салынбашы… — Еһ, бұл уайым емес қой, — дейді Бекет оның сөзін бітіртпей, — ана парызын көз алдында ақтай алмағаныма өкінемін. Анам байғұс менен гөрі Нұркенжанын тәуір көруші еді. Ақ сүтін ақтап емгендіктен бе деп ойлаймын… Мейлі, өтер іс өтті ғой, енді тек Нұркенді оқытып адам етсем, ана парызын ақтағаным сол болсын. Басқа не шара. Әйтеуір мен не істесем де, Нұркенжан үшін. — Осыдан соң екеуі ұзақ уақыт үнсіз отырды да, әлдене деп күбірлесіп орындарынан көтерілді. Олардың үйге беттегендерін сезіп, жылы төсекке лып етіп кіріп кеттім. Біраздан соң Бекет келіп шешінді де, менің көрпемді ары-бері қымтап, жаныма бір жамбастап жантая кетті. Көп нәрсені әлі ажырата білмесем де, балаң ойым шартарапқа шашырап, таң атқанша көз ілмедім. Бекет те ары-бері аунап, терең дем алып көпке шейін ұйықтай алмай жатты да, ақырында қимылсыз қалды. Далада иттің анда-санда бір саңқ етіп үргені, сағаттың сырт-сырт соққаны, мүлгіген тыныштыққа болмашы бүлік салып тұр. Сағат тынымсыз
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21