БЕКЕТ

сырт-сырт, сырт-сырт етеді… І І І Алған күнім де бітіп, оқуға аттанар мезгіл де таянды. Бекет Ләтифа жайлы маған шығарып салғанда да ештеңе айтқан жоқ. Ол арбамен үнсіз жүріп отырып, мені поезға дейін әкеп салды да, «Жиі-жиі келіп тұр, төрем», — деп бетімнен қайта-қайта сүйіп қала берді. Алғаш келгенімде бәрі де шетінен білімді, ақылды көрінген балалардың біразынан озып та кеттім. Күз өтіп, қыс болды. Қаңтардың қақаған қарлы бораны да келіп жетті. Осы кезде біз қысқы демалысқа шықтық та, ауылға тағы оралдым. Адам алыста көп жүре берген соң ба, бірте-бірте қалып алып, ауылды көп ойлай бермейді екен. Бұл жолғы сағынышым күздегідей емес, аздап бәсеңсіген сияқты. Станциядан түскенімде, Бекет мені шанамен келіп күтіп тұр екен. Ол дәл баяғысынша мені аймалап шанаға әкеп отырғызды да, үйден арнайы алып шыққан үлкен ішікпен орап қойды. Бекеттің алғашқы аптығы басылған соң, ол үнсіз қалды. Тек анда-санда бір «шу!» деп аттың делбесін сілкіп қояды. Біз жарым жолға жеткенде кеш батып, қараңғылық үйіріле бастады. Осы екі ортаның жолы тұяқтарын тоздырған аттар, көмілген жолды дәл басып, ұйтқыған боранға қарсы, оқтын-оқтын бір пысқырып, сырғып келеді. –Нұркенжан, — деді бір кезде Бекет ақырын ғана. — Ау. — Саған әлі айтқан жоқпын, үйде жеңешең бар… — Не дейсің?! Ол сөзін қайталамады. Олардың үйленерін біліп жүрсем де, «жеңешең бар» дегенді есітіп селк ете түстім. Қалайша, ол ақыры Ләтифаға үйленгені ме?! — Кімге? — дедім біле тұрсам да. — Ләтифаға. Білесің бе, оны апам да жақсы көруші еді ғой, — деді Бекет естілер-естілмес дәл осы жолмен ақталғысы келгендей. — Мен сені қуанар деп едім, Нұркенжан, — деді ол біраздан соң қайта сөз бастап, — неге шошындың? Егер сен ренжісең… Онда маған ештеңе де қажет емес, білдің бе, ештеңе де! Осыдан соң ағаммен қарсыласуға, дұрысы наразылық білдіруге шамам жетпеді де, оны аяғандығымнан құшақтай алдым. — Қуанамын, — дедім сыбырлап. Бекет бір ысқырып, қамшысын сілтеп қалды да, аттар жүрісін жылдамдата түсті. Біз ауылға түн болып, ел ас-суын алдарына ала берген шақта келіп жеттік. Бір қап аязды ілестіре ішке де кірдік. Төр алдында құрулы шымылдық тұр. Ләтифа көрші үйде ме, мұнда көрінбейді. Сонан соң біз сырт киімімізді шештік те, жайғасып отыра бастадық. Сол кезде барып шымылдықтың ар жағынан жөтелген дауыс естілді. — Ләтифа, сен үйдемісің, бағанадан бері жасырынбақ ойнап жатырсың ба, неге тұрмайсың, Нұркенжан келді, — деді Бекет ішігін шегеге іліп жатып. Шымылдық бір-екі желп етті де, бірнеше секундтан кейін ар жағынан жеңешем шыға келді. — Ойбай-ау, мынау менің қайным ба, аман-есен келдің бе, төрем? — деп

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21