БЕКЕТ

Ләтифа мені әлпештеген болып жатыр. Бала көңіл сезімтал ғой, Ләтифаны мен сол минуттан бастап-ақ ұнатпадым. Оның қандай жылы сөзі болса да, жалғандықпен астасып жатқандығын аңғарғандай болушы едім. Ал бұрын Ләтифа қандай еді? Елбелектеп-ақ тұрушы еді ғой. Енді келіп мұнысы несі? Байқасам, біздің сүттей ұйыған тәтті өміріміз сол бір кештегі шымылдықтың желп етуінен бастап іріп келе жатыр екен. Адам шіркіннің арманына жеткен соң, кейбір қанағатсыз қасиеттері де кездеседі ғой. Ләтифаны тап солай арманына жеткен соң асқақтағаны ма деп қалдым. Немесе ол жақсы адам емес пе еді! Біраз уақыт өткен соң, Бекет аттарды жайғастырмақ болып тысқа шығып кетті. Ләтифа ас қамына кірісіп, ауызғы үйде ыдыс-аяқтарын салдырлатып жүр. Менің үйім! Туған үйім! Ақ жүрегіндегі асыл мақсаты мен махаббаты тек бізге ғана арналған анам тұрған үй! Ал мен осы үйде алғаш рет өзімді-өзім тартып ұстап, керегімше көсіле алмай «әдеппен» отырмын. Алғаш рет өз үйімде жалғыздықты сезіндім. Алғаш рет Бекеттің жалғыз тұрған кезін аңсадым. Алғаш рет көкейімде өз үйімнен кету туралы сезім оянды. Бұл үйді мәңгіге қалдырып қазір-ақ кетіп қалар едім, әттең, Бекет!.. Бірақ салқындықты аяушылық жеңе алмады. Сол аяушылық жібі біздің тіршілігімізді тағы бір төрт-бес жылға сүйреп келді. Мен оныншы класқа өттім. Тіршілік те, мінез де көп өзгерген сияқты. Соңғы рет келгенімде мен Ләтифаның Бекетке адал емес екенін көрдім. …Үйге кіріп келгенімде төрдегі шымылдық желп ете қалды. Ішке әлдекімнің енгенін сезіп, шымылдық ішіндегілер үнсіз қалды. Мен Бекет пен Ләтифаны ұялтпайын деп сыртқа шықтым. Әлден соң үйден мен танымайтын бір еркек шығып, тез-тез там айналып кетті. Мен жансыз адамдай сол орнымда қаттым да қалдым. Енді бүл үйге қайтіп кіретін қасиет қалмағанын сездім. Қош, Бекет! Түн қараңғы еді. Жол тауып жүре алмайтын болған соң, ешкімнің көзіне шалынбайын дедім де, ауылдан едәуір қашық, жол үстіндегі ескі құлаған үйге келіп, таң атуын күтіп отыра бердім. 2-3 сағат откен соң, әлдекімнің осылай қарай жүгіріп келе жатқанын, қараңғыда көзім шалып қалды. — «Нұркенжан-ау, Нұркенжаным-ау, сенің шыныменен кеткенің бе?» — деп қалтырай шыққан дауыстан оның Бекет екенін тани кетіп, көңілім қанша босаса да, қозғалмастан отыра бердім. Ол сонау станция жаққа ішігінің етегі желбіреп, өте шықты… Таң саз бере жолға түсіп, станция жаққа бет алдым. Аяғым әбден тоңып, қимылдатпай қалыпты. Көпке шейін қаншалықты барғым келмесе, Бекетті соншалықты сағына түстім. Кейіннен ауылдағы балалардан, жеңешемнің сол күні түнде бет-аузы көгеріп ісіп шыққанын естідім. Көңілімді жасытпайын деп, еш нәрсе ойламауға тырысып, сабағымды оқи бердім. Бір күні кешке жақын терезе алдында ойға шомып отыр едім, қақпа алдына бір шана келіп тұра қалды да, үстінен ішікке оранған

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21