екен деп сары уайымға салынбай-ақ қой. Өзім бұрынғы жұмыстамын. Осы демалысыңда кел, сағындым ғой сені. Ағаң Бекет». Жеңгемді бұрын жақтырмасам да, оның үйден кетіп қалғанына өкіндім. Өйткені, мен алыста болған соң олар бір-бірін сыйлар ма еді, қайтер еді? Жазғы емтихандарымды тапсырып болдым да, ауылға, Бекетке қарай асығыс аттандым. Алыстан оралғанда туған жер қандай ыстық. Станциядан түскен соң, жусанның кермек иісі аралас аңқыған самал желге кеудемді кере ашып тастап, бейне бір мас адамдай шайқала жүріп келемін. Орта жолға жете бергенімде алда кетіп бара жатқан арба сықырын құлағым шалып қалды да, ауылға дейін отырып барайын деп тез-тез жүріп, оным өнімсіз болған соң жүгіре жөнелдім. Арбадағылар мені байқайтын емес. Жақындап келгенімде ондағы қараңдаған тұлғаның екеу екенін аңғардым. Құлаққа таныс дауыс шалынды. — Беке-е-т! — дедім қуанғанымнан айғайлап жіберіп, – тоқта, тоқта! Бір кезде арба дөңгелегі сықыр-сыықыр етіп барды да, кілт тына қалды. — Ей, бұл кім? — Мен, мен. — Нұркенжанбысың? — Иә, иә. — Көкешім-ау! Алыстан келді ғой, мен деп қана келді ғой көкешім! — деп Бекет арбадан секіріп түсіп, маған қарай сүріне-қабына жүгірді. Қолымнан чемоданым түсіп кетті де, оның мен үшін бұл дүниедегі ең қымбат, ең ыстық құшағына қойып кеттім… Арбада әлдеқалай нәзік тұлға селтиіп тұр. «Е-е, олар қайта табысқан екен ғой дедім ішімнен, сөйткендері де дұрыс қой». Арбаға таянғанымда оның Ләтифа емес екенін таныдым. — Кел, отыр. Қап, бұрынырақ білмегенімді қарасайшы, сонаудан жаяу келіп, — деп Бекет екеуінің ортасынан орын берді. — Зағида, бұл менің сонау Алматыдағы алтын төрем, таныса отырыңдар, — деген Бекеттің сөзінен селт ете қалдым да, сол жағымда отырған қызға жалт қарадым. Ол да дір еткендей, маған бетін бұрды да, басын төмен салбыратып үнсіз қалды. Япыр-ау, мынау шынымен сол Зағида ма? Ол қайдан жүр? Бұлар сонда бір-бірін ұнатқаны ма екен, олай болмаған күнде Зағида селт етпес еді ғой. «Айт, шу» — деп Бекет қаннен-қаперсіз пар атты сар желдіріп келеді. Арбаның тоқылымен ырғала түсіп, ауыр да күйінішті ойға шомып келемін. О, Зағида! Мен сені тап қазір өз ағамның қасында кездестірермін деп ойлаған ба едім. Енді мұнан әрі не болмақ? Бұл қызғанышымды аяулы ағама қалай ғана батылым барып жеткізбекпін. Зағида да, мен де үнсіз келеміз. Оқтын-оқтын Бекет қана әр нәрсе туралы бір сөз қозғап қояды да, аттарды делбелей түседі. Менің жан сарайымдағы сумаңдаған сұрапыл сұмдықтарды ол қайдан білсін. «Иә, — деймін ішімнен тағы қайталап, — мен мұндайды әсте күткен жоқ едім ғой, Зағида. Мұнан әрі өмір не болмақшы!?» Бір кезде «дырр-рр», — деген дауыстан басымды көтеріп алсам, ат жаңа
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21