БЕКЕТ

салынған қақпаға тұмсық тіреп тұр екен. «Міне, үйге де келдік, түсейік», — деген Бекеттің сөзінен тәтті ұйқыдан шошып оянғандай жан-жағыма қарадым. Өзіміздің үй екен. Бекет үйді айналдыра шарбақпен қоршап, ішіне ағаш отырғызып қойыпты. Біз арбадан түстік те үйге беттедік. — Зағида, түс, үйіңе қазір апарып саламын ғой, — деді Бекет оның қолынан ұстап. — Жоқ… мен кетемін. — деді ол сыбырлағандай дауысы әрең шығып. Зағида арба үстінде бейне бір жансыз адамдай қатыпты да қалыпты. Үйге кіріп, шам жағып жайғасқан соң, Бекет: — Төрем, сен отыра тұр, мен ана қызды үйіне апарып қайтып келейін, қазір ораламын, — деді де, тысқа қайта шығып кетті. Үйде өлі тыныштық. Тек баяғы көзге таныс сағат әлі күнге сырт-сырт соғып түр. Біраздан соң Бекеттің «Айт, шу» деген дауысы естілді де, арба салдырлай жөнелді. Ақырында ол дыбыс арба алыстаған сайын әлсіреп барып, бірнеше минуттан соң мүлде жоғалды. Жалғыз өзім қалғаннан кейін, үй ішіне көз жүгірттім. Төрде көз тартарлық кілем ілулі тұр. Бекет бір шифонер, үлкен радио, тағы сондайларды алып, шағын үйді безендіріп қойыпты. Әлден уақытта шет-шеті қызылмен жиектелген стол үстіндегі Зағиданың суреті көзіме оттай басыла кетті. Кеудемді қызғаныш оты кернеп, қолым дірілдей бастады. Суретті алып ұзақ қарап тұрдым. Зағида қандай сұлу еді! Бұрын мен оған қанша ынтық болып, жан түбіндегі аласұрған махаббаттың нәзік сезімдерін жасырын ұстап жүрген шағымда да ол маған бұлайша көрінбеген болатын. Ал қазір ше?.. Мен үшін ондай қыз бұ дүниеде жоқтай, тіпті болмайтындай көрінді. Сол кездегі бұл шешімім әсірелеуді керек етпейтін риясыз көріктілігінің әсері ме, ол жағына ешқашан ой жүгіртіп көрген емеспін. Міне, ол маған бейкүнә күлкімен мөлдірей қарап тұр. Бұдан дәл бір жыл бұрын мені махаббаттың кіршіксіз, мөлдір дариясына бір батырып алған ерке де назды күлкі. «Неге, неге ғана мен сол кезде тәуекелге бел буып, ішке сыймаған сезімдерімді ақтарып салмадым екен! Сонда мен, мүмкін мұндай халге душар да болмас едім!», — деймін еріксіз күбірлеп. Сөйтсе де өзекті өртеген күйініш ішіме сыймай, рамканы қолыма қыса ұстап, жерге бір ұрып парша-парша еткім келді. Осы бір арынды ойдың жетегіне еріп, оны орындап шығуға әлденеше рет тәуекел еттім. Бірақ мен ұнатқан Зағиданы өзге емес өз ағам, аяулы Бекетім ұнатқандықтан мен ондай қылмысқа бара алмадым. Қолымдағы суретке тағы қарадым. Жерге ұрмақ түгілі, парша-парша етіп жыртып тастасаң да Зағида бәріне риза сияқты сол баяғысындай күлімсіреп тұр. Балғын жүзі «Менде не кінә бар, Нұркен? Мен сенің өзімді ұнататыныңды білген жоқ едім ғой, текке кінәламашы», — деп ақталып тұрғандай еді. Сонан соң мен рамканы бұрынғы орнына ақырын апарып қойдым да, шашымды

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21