БЕКЕТ

Бекеттің далаға шыққанын бағып тұрып, осындай мөлшерде тиеді-ау деген шамамен, наннан опыра үзіп алып, ол келгенше бәрін де жоқ қылып, түк сезбегендей отыра беретінмін. Ол өз сыбағасын мүлде ұмытып кетіп, жолда жеуші еді. Оған дейін менің тағы да қарным ашып қалады. «Сен жеп пе едің?» — деп сұрайды ол есекті қақпалап келе жатып. Әлгіден жегім келіп тұрса да, қысылғанымнан: «Иә, аз ғана…» деп күмілжимін. Сонан соң ол нанның жартысын үзіп беретін. О шіркін, балалықты қойсайшы! Сол мектепте жүргеннің өзінде-ақ, екеуміз қызға ғашық болушы едік. «Ана қыз сұлу, бірақ үзіліс сайын нан жеп тұрады, ал ана біреуі ақылды, бірақ ашушаң», — деп екеуміз кей түндері бірге оқитын қыздарды сарапқа салып, өзімізше баға беріп жататынбыз. Сонан соң көңіліміз ұнатқан қызға ғашық болып, кешкі астан соң хат жазуға кірісетінбіз. Хатты аяқтап шыққан соң, бір-бірімізге дауыстап оқып беруші едік. Әбден тыңдап болған соң ол: «Сен жақсы жазады екенсің, сөзді қайдан тауып ала бересің?» — деп таңдана қарайтын да, «міне менікі мынау-ақ, сонда да жарайтын шығар» деп бір бетке толар-толмас ірі-ірі жазуларды көрсететін. Одан кейін екеулеп отырып өңдеп, ертең сабаққа барған соң менің хатымды ол, оның хатын мен табыс етуші едік. Үйге келген соң «хатты қалай бердің, ол не деді, жауап жазатын болды ма?» — деп бір-бірімізден сұрап жатып, тәтті ұйқыға шомып кетуші едік. Қайран балалық-ай! Бекетке тән бір мінез — сондай бір беткей еді. Сәл нәрсеге ашуланып, өкпелесе, жуық арада райдан қайтып, ашық, жарқын қалпына қайтып түсе қоймайтын. Апам да, мен де оның бұл мінезіне қарап «мейірімсіз, тасбауыр» деп ұрысатынбыз. Бір күні сабақтан оралсақ, апам түскі тамақты әлі дайындай алмай жүр екен. Ауызғы үйдің бұрышында мор ошақтың үстіндегі қазанда патыр-патыр етіп жүгері қуырылып жатыр. Шынында, Бекеттің кейбір содыр мінезінен апам шошына ма, жасқана ма, осының-ақ көңілі болсыншы дей ме, ол кіріп келгенде кірісе кететін тамақ әлі дайын болмаса, апам байғұс сасқалақтап қалатын. Тап осы жолы да солай етіп, апам Бекетті көрді де, от қызуынан қызара тершіген бетін де сүртпестен, қазандағы аппақ бадырақтарды апыл-құпыл түсіре бастады. — Түуһ, тамақты әлі дайындай алмағансың ба? — деді Бекет сумкасын төрге қарай лақтырып жіберіп. — Неғыл дейді-ай осы, көріп отырсың ғой не істеп жатқанымды, — деді апам ашуланса да үнін жұмсарта сөйлеп. — Неғыл дейді, неғыл дейді! Түске шейін бір тамақты әзірлей алмай. Күшік тамақ ішті ме? — Әй, жақсы көрсең күшігіңе тамақты өзің істеп құй. Не деп тұрсың бырқылдап, үзіліп бара жатсаң ананы жей тұр, қазір нан піседі. Жұмыстан жаңа келдім, мені бір ойнап жүр ғой деймісің?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21