БЕКЕТ

— Жемеймін, жүгеріні не деп қуырып жатырсың! — Бекет-ай, қойсайшы адыраңдай бермей, сен жемесең мен жеймін. Қарның тоқ қой, жолда әбден нанға тойып алып. — Әй, тіліңді тарт деймін! — деді ол бақшия қарап. Араға килігіп, өзіне тіл тигізсең, ол түтігіп, өршеленіп кететін. — Тартпаймын! Осы кезде Бекет желкемнен түйіп жібергенде, мен жаңа ғана түсірілген ыстық жүгеріге тұмсығыммен қаба құладым. Әрі өзі ашуланып, әрі маған жаны ашыған апам, отты көсей-көсей сүйірленіп қалған күйелі ағашты алды да, Бекетті салып-салып жіберді. «Бар жоғал! Маналы бері арқаң қышып, керегі осы болып тұрған ғой саған! — деді апам оны есікке итеріп жіберіп. Бекет жым-жырт үйден шықты да, там айналып кетіп қалды. — Ана содыр сенің бір жеріңді ауыртып қойған жоқ па? — деді апам, Бекет шығып кеткен соң менің жаныма келіп. — Жоқ. — Үйбай-ай, мұнысы несі мұның–а? Ол аз оған, аз! — деп апам қапаланып жүр. Шыны керек, апам мені сондай жақсы көруші еді. Тіпті аз ғана қаймағы болса да, Бекет жоқта маған әкеп беретін де: — Айналайыным, мынаны жей қойшы, ана тасбауыр қанша айтқанмен ересек қой, оған бәрібір, — деп қоятын. Апамның Бекеттен гөрі мені тәуір көретініне мәз боп, арсалақтап келіп бір қолыммен оның мойнынан құшақтай отырып, қаймақты салпылдатып жей бастайтынмын. Шайдан соң да Бекет үйге келген жоқ. Бір кезде далаға шықсам, үй артында бір шақырымдай жердегі төбенің басында Бекет отыр екен. Қимылдағаны алыстан байқалмай ма, әйтеуір тастай қатып қалыпты. «Бұл сонда не ойлайды екен?» — деймін ішімнен. Мейлі не ойласа соны ойласын, нан апарып берейінші. Шындығында оған жаным ашыды. Үйге қайтып кірдім де апамнан ұрлап, жарты таба нан мен бір-екі уыс жүгеріні көйлегімнің ішіне салып жіберіп, Бекет отырған төбеге қарай жүгіре жөнелдім. Жанына жетіп келгенімде ол маған назар да аударған жоқ. Басын төмен тұқыртып алып, мелшиіп отыра берді. — Бекет, нан жеймісің? — дедім жасқанған үнмен. Ол басын жоғары көтеріп, маған ызалана қарады да, «керегі жоқ» — деп күбір ете қалды. — Қарның ашты ғой сенің? — Жоқ. — Енді үйге жүрмеймісің? — Жоқ. — Өзің «жоқтан» басқаны білмей қалыпсың ғой. Апам ұрды деп үйден беземісің? — Әй, таяқ жемей тұрғанда кет! Бәленің бәрін қылған сен, — деп ол орнынан атып тұрды. Салып жіберуден тағы тайынбас дедім де, келген ізіммен кейін қарай тайып тұрдым. Үйге жете бергенде артыма қарасам, ол әрірек барып отырыпты. Өрістен мал да қайтып, біздің жалғыз шібіш те келді. Апам оның алдына бір табақ кебек апарып қойды да, Бекет отырған төбе жаққа ұзақ қарап тұрды. Сонан соң терең

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21