сол байғұс келіп, апамның айтқанын істеп, асты-үстіне түсіп жүр. Көз жұмсам да көңілім ұйқыдан аулақ, сергек жатырмын. Олардың сөйлескен сөздерінің бәрін де құлағым шалады. — Ләтифажан, — дейді апам бір кезде, тап өзінің қызы, не келініндей-ақ. — Сары уайымға көп салынып қайтесің, шырағым, құдайдың бір дегені тұрған шығар, Серімбеттей жақсы табылмаса да жаман табылар. Көңіл қаласа тоқым да торқа ғой. Апам ұзақ сөйлей алмай үзіп-үзіп айтады. Ләтифа ол кісінің бас жағында үнсіз отыр. — Сен сияқты ашық жарқын келінім болса деп армандаушы едім. Құдай сонысын көрсетпей ала ма, қайдам. Ана содырымның әйелі қандай болар екен… Апам ар жағын айта алмай тоқталып қалды. — Қойыңызшы, апа, сіз жассыз ғой, әлі Нұркеннің де баласын сүйесіз, — деп Ләтифа апамның арманды ойына алдау айтады. Сонан соң, «қайдам» дегендей апам әлсіз ғана бір күрсінді де, ұйықтап кеткен адамша үнсіз қалды. Арада 5-6 күндей уақыт өтті. Апам ауырғалы бері менің сабақта ешқандай мазам болмай қойды. Тынышсызданып, үйге кетуге, анамның дәрменсіз саусақтарымен бетімді, селдір шашымды сипалауына тезірек жетуге асығамын. Байқаймын, Бекет те өзгерген сияқты. Өзгергені сол, ешкімге тіл қатпайды. Ең соңғы партаға барып, сұлық түсіп отырып алады. Бірақ мен сияқты уайымдау, тынышсыздану дегеннің нышаны оның жүзінен байқала қоймайтын. Бәлкім, барлық сезімдерін ол сыртқа шығара бермейтін де болар. Дегенмен, ол да өзгерді. Демек апам туралы ол да ойланады екен ғой. Бір күні сабақтан шыға салып мен оны үйге қарай асықтыра жөнелдім. Әдетте ол асығу дегенді білмеуші еді. — Жүрсеңші, анда апам ауырып жатыр ғой, — дедім оның жеңінен тартып. — Күндегі сырқаты шығар, несіне асығамыз, — деді ол есектің қазығын суырып жатып. Сонан соң жайбарақат барып, тыпыршып тұрған есектің тұсауын шешті де, «кел»деп менің аяғымнан демеп мінгізіп жіберді. Жайшылықта жалқау, қайтарда тұлпар болып кететін көк есек, «құдай салды, біз көндік» дегендей, мойнын төмен салып жіберіп шаңды бұрқылдатып ұрып келеді. Ауылға жақындағанда үйге қарасам есік алдында адамдар топырлап жүр екен. Сол сәтте-ақ бір сұмдықты сездім де, денем мұздап сала берді. — Бекет, біздің үйде не боп жатыр?! — дедім үрейлене. — Жайша шығар, жай ғой, — деді ол сыбырлағандай сасқалақтап. — Жоқ. Апам… апам өлді, Бекет! — дедім даусым қалтырап. — Қойшы! — деп ол маған жалт қарады. Бетінің қаны қашып сұп-сұр болып кетіпті. Осыдан соң дәуітімді лақтырып жібердім де, үйге қарай еңіреп жүгіре жөнелдім. — Қай-қайдағыны шығармашы, Нұркен, — деп Бекеттің шошына және алғаш рет ішкі сезімін сездіре сөйлеген сөзіне көңіл де бөлмедім. Жүгіріп келген бойда жылы сөз айтып жапырласқан жұрттың қақпалағанына да қарамастан, жуған матадай боп-боз
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21