болған апамның мұздай бетіне бетімді басып құлай кеттім… Онан арғысын білмеймін, бір кезде есімді жисам, екі-үш адам мені төсекке жатқызып қойып, қоршалап тұр екен. «Сабыр етші, қалқам, сабыр етші» дегеннен басқа басу айта алмайды. Көрші-қолаңның жұбатуымен далаға шықсам, босағада боп-боз боп, тас мүсіндей Бекет тұр. — Бекет, апам жоқ енді! — деп егіл-тегіл боп, оны құшақтай алдым. Бір кезде босатып жіберіп бетіне қарасам, көзінде бір тамшы да жас жоқ екен. — Апамның өлімі де саған батпады ма, тасбауыр! — деп оны шапалақпен салып-салып жібердім. Ол менің ұрғанымды шыбын тепкендей де сезінбей, мелшиіп тұра берді. Анасы өлгеннің қайғысы қандай болатынын несіне айта берейін, сол күні кешке жақын ол кісіні жерледік. Кімнің не істеп, не сөйлегенін де білмеймін, әйтеуір құлағымда: «Балалары жас еді байғұстың, ерте кетті-ау» — деп күрсінген жұрттың сөзі ғана қалыпты. Бізді елегізбесін деп бірге қонып жүрген ауыл адамдары қашанғы жата берсін, екі-үш күннен соң келмейтін де болды. Тек Ләтифа ғана жиі келіп тамақ істеп беріп жүрді. Әлденеше күнге дейін үйге кіріп жату да сұмдық қорқынышты көрінетін. Апам барда базар болып жататын үй қазір айдаладағы иесіз тамдай жым-жырт. Әсіресе апамның мені алдына алып, қаймақ жегізгені, бірде боп-боз жансыз бейнесі көз алдыма елестеп, түні бойы ұйқым келмейтін. Бекет болса, менімен де сөйлесуден қалды. Ол күн ұзақ мұңайып жүретін де, кешке жақын тамның төбесіне шығып алып, апамның моласынан ұзақ уақыт көз алмай қарап отыратын. Бір күні үнсіз ғана қасына барсам ол әлдене деп өзіне-өзі күбірлеп отыр екен. Менің келгенімді сезді де, маған ақырын ғана назар аударды. Оның жанарынан батып бара жатқан күн сәулесімен сарғыштана жалт еткен мөлдір жастарды көріп қалдым. — Қойшы, Бекет, жыламашы, берік едің ғой сен, — дедім оны қапсыра құшақтап. — Мен жыламаймын ғой, үйге баршы, Нұркенжан! — деді ол қарлыққан дауыспен. Бекеттің «Нұркенжан» деуі маған тұңғыш рет ағалық сезімін сездіруі еді. Бұл жерде көп тұра берсем даусым шығып кетер деп, сатыға қарай жақындағанымда, оның «тасбауыр» деп күбірлегенін естіп қалдым. Сол күні кешке екеуміз көп отыра алмай, төсек салып жатып қалдық. Ол әкем сияқты мені құшақтап алып, өзіне қыса түседі де, әлсін-әлсін көрпемді қымтап қояды. Түннің бір кезінде «Нұркеш, ұйықтаған жоқсың ба?» — деді ол бейне бір ауыр бейнеттен әбден қалжыраған адамдай ақырын ғана. — Жоқ. — Оқуыңа қашан барасың? — Білмеймін. — Онда ертең бара бер. — Сен ше? — Жоқ, мен бармаймын. Осы да жетер. — Онда мен де бармаймын. — Сен олай етпе, Нұркеш, мен сенің ағаңмын ғой. Екеуміз бірдей оқып қайтеміз, — деді ол ересек
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21