адамдарша байсалды үнмен. — Сен оқышы. Осыдан соң келіскендей мен үнсіз қалдым. Бұдан былай Бекетсіз оқудың маған қаншалықты көңілсіз болатынын мен көзіме елестетіп жатып, ақыры ұйықтап кетіппін. Таңертең тұрсам, Бекет орнында жоқ, жастығы су-су. Оның түнімен жылағаны ма екен дедім оны аяп кетіп. Ия, қасірет үстінде дауыс шығарып жылай беру, шын қайғының айғағы емес екен ғой! Сырттан Бекеттің жөтелгені естілді де, біраздан соң өзі де кіріп келді. — Тұрдың ба, Нұркенжан? Жуын, сабағыңнан қалма. Міне, Ләтифаның үйінен әкелдім, біраздан соң қарның ашады ғой, — деп ол бірнеше үзім нанды баяғы қара сумкаға салып жатты. Қара папканы асынып далаға шықсам, Бекет есекті баяғыдай емес, тап-тұйнақгай етіп желдіктеп қойыпты. Сонымен, қара сумка да, көк есек те біржолата маған тиіп, алғаш рет мектепке жалғыз өзім кеттім. Ауылдан біраз ұзаған соң артыма қарасам, Бекет сатыға шығып, менің соңымнан қимылсыз қарап тұр екен. Түс ауа үйге келгенімде есік алдында екі-үш ат байлаулы тұрғанын көрдім. Бірін тани кеттім — осы ауылдағы бригадир Дәуленнің торысы. Қалғандары кімдікі екені белгісіз. Есекті қазыққа байлай салып ішке кірсем, Бекет пен төрт адам менің келуімді күтіп отыр екен. Кейіннен білдім, олардың бірі — ауылдық советтің бастығы Уәли де, екіншісі — партия ұйымының секретары Нәсифолла екен. Мен келген соң, олар біраз үнсіз отырды да, Дәулен сөз бастады. — Шырағым, — деді ол әуелі маған, онан соң Бекетке қарап. — Біздің мұнда келгендегі мақсатымыз сендерді далаға тастамау еді. Бірақ біздің аймалағанымыз ананың таяқтағанына татымайды ғой. Әйтсе де қолдан келген қамқорлығымызды жасап, сендерді оқытпақшымыз. Мына кісілер де соны қостап осында келіп отыр, — деп ол әлгі адамдарды таныстырып шығарды. — Сонда, Бекет екеуміз де оқимыз ба? — дедім Дәуленнің қызыл шырайлы байсалды жүзіне қарап. — Әрине, екеуің де оқисыңдар. Олардың бұл ұсынысына мен қуанғанымнан секіре жаздадым. Бекет екеуміз қайтадан бірге оқитын болдық па әйтеуір! — Рахмет, ағатайлар! — дедім жүзім балбұл жанып. — Бекет, барамыз ғой? Ол төмен қараған бойы үнсіз отыра берді. Неге үндемейсің, Бекет, бірге оқиықшы, сені жалғыз тастағым келмейді. — Қой, Бекет неге бармасын, оқиды, — деп Нәсифолла алдаусыратып жатыр. — Есі бар ғой. Солай етесің, ә? — Жоқ, мен бармаймын, — деді ол басын сәл жоғары көтеріп, — Нұркен оқыса жарайды. Апам өлді деп үйді қалай қиып тастап кетемін… Әрі Нұркенге азды-көпті қаражат керек. Бекеттің соңғы сөзіне алғашында күлсе де, олар кейіннен үнсіз қалды. — Бекетжан-ау, пансионда сен ешнәрседен де тарықпайсың. Жақсы киім, жақсы тамақ береді, — деп Уәли сөзге араласты. — Ағаларың орға итермейді, айтқанын екі етпе. Жоқ, қамқорлықтарыңа
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21