БЕКЕТ

рахмет, Нұркен оқыса, мен жұмыс істеуге тиіспін, — деп Бекет бас шайқап, олардың алдап та, сөгіп те айтқан сөздерінің біріне илікпей-ақ қойды. Ақырында пансионға мен кететін болдым да, Бекет үйде қалатын болды. Көнбеген соң қайтсін, әрі он жеті жасар баланы қашанғы қинайды. Түркістанға ертең жүретінімді естігенімде, барамын деп келіскеніме өзім өкіндім. Қалайша, қалайша тез айырылысамыз! Сол күні таң атқанша көз іле алмадым. Бекет екеуміз бір-бірімізге тығыла түсіп, құшақтасып жатырмыз. «О, Бекет! Сенің балалық шақты тез-ақ аттап өтіп, есейіп қалғаның ба? Тұрмыс ауыртпалығын мен үшін ертерек арқалауға бел буғаның ба? Сенің сол кезде не себепті оқығың келмегенін мен кейін ғана түсініппін ғой!» Бекет түні бойы мені аймалап, алақанымды ыстық бетіне қайта-қайта басып, толқи сөйлеп жатты. — Айналайын Нұркенжан, көңілің қамықпасын, мен бармын ғой, ешнәрсеге алаң болмай оқи бер. Тек сен адам болшы, — дей береді ол. Мен не дейін, оны қыса түсіп, үнсіз келісіп жатырмын. Таңға жақын көзім ілініп кеткен екен, біраздан соң оянып кетіп жан-жағыма қарасам, Бекет керекті заттарымды буып-түйіп, бір қапшыққа салып жатыр екен. Менен айырылысудың оған да оңайға соқпағаны сарғыш тартқан жүзінен анық көрініп тұр. Оның абдыраған, сасқалақтаған қимылдарынан көз алмай қарап жатырмын. Әне, ол ең әрісі осы да қажет-ау деген оймен, терезе алдында тұрған перо мен сынық қаламсапты да қапшыққа салып қойды. Бекеттің тұлғасынан көз алмай жатып, бұл үйде оған жалғыз тұру қаншалықты қиын болатынын ойлап, көңілім жасып кеткендей болды. Ол енді мына қорқынышты үйде талай түндерді жалғыз өткізеді-ау деп қимаймын. …Түс ауған соң Уәли мен Нәсифолла мені алып кетуге есік алдына машинамен келіп тұра қалды. Біздің айырылысуымыз аянышты екенін олар да сезсе керек, менің жиі кеп тұратынымды, ол жақта жағдайдың жақсы болатындығы туралы екеуі де тамсана мақтап жүр. Ара-тұра екеуміздің де арқамыздан қағып күлісіп қояды. Бірақ олардың күлкісіне қосылу екеуміздің ойымызға кіріп те шыққан жоқ. Жүрер уақыт таянған соң, машинаға әлдекім итергендей әрең отырдым. Қаннен-қаперсіз шофер жігіт менің отыруымды күтіп-ақ тұр екен, темекісін тұтатып болды да, стартерді брезент етігінің өкшесімен «ғыж» еткізіп басып қалды. Бекет машинаның ашық терезесінен маған қара көздерін мөлдірете қарайды. Сонда ғана байқадым, оның жанарынан таң шығындай тамшылар үзіліп түсіп жатыр екен. Оны өзі сезбейтін, сезсе де елемейтін тәрізді. Өзін-өзі ұстай алмады-ау, ол иіліп келіп, тұңғыш рет екі бетімнен алма-кезек шөпілдете сүйді. Оның ыстық жасы менің омырауымды жуып кеткендей болды. «Бекет неге жылайды, — деймін өзімнің де көзімнен сорғалаған жасты байқамай. — Берік еді ғой ол». Ақырында машина орнынан жай қозғалды да, үлкен жолға түсіп, Түркістанға бет бұрды. Жанымдай жақсы көретін сүйікті Бекетім,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21