есік алдындағы жиюлы отынға шығып алып, мен көзден таса болғанша қол бұлғап тұрды. Ақырында ол да мұнартқан сағымға араласып, көзден ғайып болды. I І Бұрын мұндай орында болмағандықтан ба, Түркістандағы пансионға келгенімде, маған мұндағылардың бәрі де өрескел жандар сияқты болып көрінді. Тәрбиешілердің бойынан сұмдық бір қаталдық пен суықтықтың лебі есіп тұрғандай болатын. Тіпті, тәрбиеленуші балалардың өзі де мұнда келіп қосылғаныма наразы болғандай, менімен кездесе кетсе түксие қарасып өтетін. Кейбіреулері байқамағансып қағып кетеді де, не бас киімімді ала қашып бір-біріне лақтырысып ойнап, мен әрқайсысына жүгірген сайын ішек-сілелері қата күлісіп, әбден ызамды келтіруші еді. Осындай кездерде мен ауылды көп ойлайтынмын. Қараңғы үйде жалғыз жатқан Бекетті, оты әлдеқашан өшіп, суып қалған пештің үстінде пырылдаған тарғыл мысықты көз алдыма елестетіп, «мен осында неге келдім, кетейінші Бекетке» — деп талай қобалжыдым. Бірақ ауылға рұқсатсыз кетсең жиырма бес жылға сотталасың деген жалпақ мұрын, тәпелтек сары баланың сөзінен сескеніп, ол ойымнан да амалсыз бас тартып жүрдім. Әйтсе де, бұл тосырқаушылық көпке созылмады. Бір айдай өткен соң бәрімен де етене таныс болып кеттім. Енді балалардың да, тәрбиешілердің де біздің ауылдағы адамдардан айырмашылығы жоқ екеніне көзім жете бастады. Бір бөлмеде он бір баламыз. Бәріміз де бір мектепте, бір мезгілде оқимыз. Мұнда келіп жаңа киім, жаңа сумка алған соң, бойым бір көтеріліп қалғандай болды. Көңіл шаттылығы мен тұрмыс тәттілігінен енді ауыл туралы алғашқы айлардағыдай көп ойланып, уайымдамайтын болдым. Осылайша, көңілді өмірге араласып жүріп, Түркістандағы мен барған жылдың алғашқы күзі қалай келіп қалғанын аңғармай да қалыппын ғой. Мектептен 7-8 күнге демалыс алып, ауылға қарай алабұртып тартып бердім. «Бекетім менің! Сен қазір нендей күйде екенсің? Менің жолыма қарай-қарай көзің талған жоқ па?» Ойыма осы бір сезімдер оралған сайын үйге жетуге асыға түсем, шыдамсыздана түсем. Мен ауылдың тұсынан машинадан түскенімде күн ұясына қонуға бақан бойы қалған еді. Әне, ана қырдың басында көзге оттай басылып біздің үй тұр. Оның төңірегінде Бекет көрініп қалмас па екен деп көз алмай жүріп келемін. Үйге жақындаған сайын жүрегім тайдай тулап, аузымнан ытқып шығатындай көрінеді. «Уһ» — деп үйге де жеттім-ау. Келсем, есік құлыптаулы. Терезенің ар жағында отырған тарғыл мысық, аузын кере ашып маған қарай мияулайды. Жүгіріп бардым да әйнекті жалаң қолыммен бір қойып, мысықты суырып алдым да, саусағымнан сорғалаған қанға көңіл де бөлместен, оның жұп-жұмсақ жылы денесін алқымыма басып, арқасын сипалап жатырмын. Туған үйіңнің мысығы да қандай ыстық еді шіркін! Көрші үйдегі Ләтифа мені байқап қалса керек, ентіге келіп асты-үстіме түсіп, айналып-толғанып жатыр. — О айналайын, дардай жігіт боп кетіпсің ғой. Жүр үйге. Бекет қазір жұмыстан келеді, —
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21