«Сендер соғысты көрген жоқсыңдар ғой…» Кешегі қилы заманның қиын-қыстау шағын еске алғанда бүгінгі шалдар әңгімесін осылай бастайды. Олар кешегі боздақтардың – бүгінгі шалдардың арқасында тыныш ұйықтап, «бейғам» өмір сүрген біздерге қызыға қарайды, сонымен бірге біздердің, әсіресе қырқыншы жылдар балаларының алдында өздерінің өтелмес парыз иесі екенін де аңғартады. Қырқыншы жылдары бала болған жоқ. Басқа жерлерде болса болған шығар, біздің ауылда болған емес. Бәрі ерте есейді. Олардың жылаған дауыстары сирек естілді. Қиындыққа, жоқшылыққа іштен көніп туылды. Күні бойы аш жүріп, кешке қарай аш жатты. Бұл – олардың ерлігі емес, уақыттың қатыгездігі, уақыттың қателігі еді. Майданда жеңіс үшін, ауылда жеңіс үшін де, тіршілік үшін де күрес жүріп жатты. Соғыс дегеннің не екенін балалар білген жоқ, білсе де шала ұқты. Батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды әдебиет дейтін болсақ, сол әдебиетке құмарлықты қырқыншы жылдардың балаларындай ешкім сезінген жоқ. Олар ішектері шұрқырап жатып қиял-ғажайып батырлар дүниесінде өмір сүрді. Өздерінің сәбилік тағдырлары кісі мүсіркейтін халде бола тұрып «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» Алпамысты аяды, кірпігі айқасса түсіне ыстық күлше кіретін күйде жатып зынданға қапылыста түскен Қобландыға жандары ашыды, бір үйлі жанның үлкенді-кішісі, баласы-шағасы боп киетіндері бір пар етік бола тұрып, махаббат жолында мерт болған қайдағы бір Қозының тағдырына жылады. Олар аштық пен жалаңаштықтың бетіне үңіліп өсті, олар қатал болды. Олар сезімтал болды. Олар оңашада жылады. Үнсіз жылады. «Сендер соғысты көрген жоқсыңдар ғой…» * * * Шынында, біз соғысты көрген жоқпыз. * * * Ол кезде қыс ерте түсіп, кеш шығатын. Бәріміз көктемді асыға күтеміз. Бірақ, текеметтің үстімен құйрығынан сүйреген мысықтай қыс та қара жерді тырбанып жатып алады. Қар әлі кетпеген. – Оңғаржан, тұра ғой. Мектептерің ашылыпты. «Мектептерің ашылыпты»,– деген сөзге қуандым ба, қуанбадым ба білмеймін, тек анамның даусындағы мейірім мен жылылық жүрегімді лүп еткізді. Ол кісі қашан да тұйық, қашан да ой құшағында жүреді. Біз екі баламыз. Ең үлкеніміз –Еркінай. Ілініп-салынып жүріп жетіншіні бітірді де, әрі қарай оқымай қойды. Біздің ауылда жетінші кластан әрі қарай жоқ, егер «ілім» қусаң Арысқа баруың керек. Бір күні оған анам айтты: «Жетеді,–деді, – осы ауылдағы оқудың аяғына шықтың. Арыс деген бұзық қала. Көшесінде шпаналар андыздап жүреді. Енді сенен айырылар жайым жоқ». Шпаналарды естігенде Еркінайдың онсыз да үлкен көздері атыздай болды. «Өлә-ә, онда бармаймын»,– деді. Сонымен бітті. «Осы ауылдағы оқудың аяғына шыққан» Еркінай, мен орнымнан тұрғанымда төмендегі Қазан арықтан мұз ойып, екі қап қып есекке артып әкеп, үйге кіргізіп жатыр екен. Ол бұдан бір жарым жыл бұрын – әкем соғысқа кетпей тұрғанда болмашыға бұртиып шыға келетін өкпешіл, ерке, шалдуарлау қыз еді.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38