МАЗАСЫЗ КҮНДЕР

Focus Mode

Бірақ ол көзіне жас та алған жоқ. — Ұлыңыз ересек пе еді? — Иә, сізден бес-алты жас кіші. — Үйленген бе еді? — Үйленген. — Қазір… ол қайда? Келініңіз дегенім ғой. — Алыста, — деді кемпір ауыр бір күрсініп. — Төркініне кетті. Ұзақ науқастан құлыным қайтыс болған соң ол да кетті ғой, қашанғы тұрады. Немеремді де ала кетті. Сонысы батады жаныма. — Ол сізбен хабарласып та тұрмайтын шығар? — Жоқ, неге, келіп-кетіп тұрады. Бірақ сирек. Мен мұнан әрі кемпірге сұрақ қойған жоқпын. Ол да үндемеді. Оның жан дүниесін бұдан әрі түсіну үшін сөйлесуден гөрі үнсіздік әлдеқайда артық еді.

І І І

Ертеңіне жұмыс кабинетіне кіріп барғанымда, Махамбеков кеше маған қатты ренжігенін, өкпелі екенін айтып, көпке шейін томсарумен отырды. «Бұлай етуге бола ма екен? Сыйламағандық қой, менсінбегендік қой бұл» дегенді қайталаумен болды. Бірақ мен одан кешірім сұраудың орнына ләм деп тіл қатпаған соң және бұл үнсіздігім көпке созылатын сыңай байқатқаннан кейін ол әлгі сөздерін жиі-жиі қайталап келіп, менің не себепті көңілсіз жүргенімнің мәнісін сұрады. Мәселенің бәрін «жай, әншейінге» тіреген соң, ол менің бұл жауабыма қанағаттанбай бетіме көз тоқтатып біраз қарап отырды да, иығын бір қозғап қойды. — Сіз жалтарып кеткелі тұрсыз, — деді ол орнынан көтеріліп, — жай, әшейін емес, сізден күрт өзгеріс байқалады. Айтыңызшы, не болды? Кеше неге келмей қойдыңыз? Мен «ешнәрсе болған жоқ» деп езу тарттым да, кешегі келіскен уәдені бұзғандығым үшін кешірім сұрадым. — Әрине, әрине, кешірімді ғой ол. Онда тұрған не бар? Мен сізді сырқаттанып қалды ма екен деп шошынып едім. — Оныңызға рахмет! Біраз себептермен кеше келе алмадым. Әйтсе де, бүгін екінші рет келісе алар ма екенбіз? Бұл жолы уәде бұзбаспын, — дедім оған күле қарап. — Сіздің тынымсызданып жүргеніңіз әлі сол кемпірдің жайы ма? — деді Махамбеков аздап таңдану аралас кейіппен. — Ее,й, Мәке-ай, сіз онсыз да шаршап жүрген адамсыз. Несіне ой қажыта бересіз? Ол кемпір қартайған, болмашыға күйгелектене береді. Ал сіз оған… — Сіздің бүгін уақытыңыз бола ма? — дедім оның сөзін аяқтатпастан. — Неге, неге болмасын. Тіпті, қазір-ақ айта беріңіз. Онда тұрған не бар? Менімен әңгімелесуге Махамбековтың әрқашан дайын екеніне көзім жеткен соң, әңгімені кейінге қалдыруды жөн көрдім де, әзірге жұмысқа барайық деген ұсыныс жасадым…

IV

— Иә, маған ол туралы Салиха шешейдің өзі де айтқан еді, — дедім Махамбеков екеуміз қаланың орталық көшелерінің бірімен келе жатып. — Аты кім еді оның? — Әли. Әлиасқар. Әли деп жұрттың атап кеткені ғой. — Әлиасқар… Әдемі ат екен өзі, — дедім қалтамнан темекі сауытын алып.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45