Үстіндегі тоны қырық жамау, аяғындағы байпағы қолп-қолп етіп, қара санын қажаған тығыршықтай үрпек сары жігіт земство докторы қабылдауын аяқтап, ауруханадан үйіне қарай беттей бергенде, оның жанына жасқана басып жақындады. –Құзырыңызға құлдық, сізге кеп едім, – деді ол. –Иә, не керек? Жігіт тайқы танауын алақанымен жоғары қарай жапыра бір сүртіп, аспанға қарап алды да, сонан соң барып жауапқа көшті: –Сіздің құзырыңызға кеп… Өзіңнің қарамағыңда, арестанттар палатасында, мәртебелі тақсыр, менің ағам Васька, яғни Варвариндік ұста жатыр еді… –Ал, жатса қайтеміз? –Мен яғни айтқанда, Васьканың інісі боламын… Бір әкеден екеуміз – Васька, онан соң мен – Кирила. Бізден басқа үш қыз бар, ал Васька болса үйленген, кішкентай бөпе де сүйген. Жұрт деген құмырсқадай қаптап жүр, бірақ, жұмыс істейтін адам жоқ… Ұстаханада, нансаңыз міне, екі жылдан бері от бір жылт еткен жоқ. Өзім болсам шыт фабрикасындамын, ұсталықтың иісі мұрныма бармайды, ал, әкей әлдеқашан жұмыстан қалды емес пе? Жұмыс істеу былай тұрсын, тамағын да жөндеп іше алмайды, қасығы аузынан адасып жүргені сол. –Сонда маған неғыл дейсің? –Бір қайырымдылық жасап Васьканы босатып бер. Доктор Кирилаға аңырайып біраз қарап тұрды да, ләм деместен ілгері қарай жүре берді. Жігіт оның алдына жүгіріп шығып аяғына құлай кетті. –Доктор, құтқарушы мырза! – деп ол көзі жыпылықтап, алақанымен танауын тағы бір таптай сүртіп, жалбарынуғаа көшті. –Құдайдың рақымы жаусын, Васьканы үйге қайтаршы! Өмір бойы тәңірден тілеуіңді тілеп өтейін! Құзырыңа бас ұрайын, жіберші ағамды! Бәрінің аштан қырылатын түрі бар. Шешем болса күні-түні жылауда, Васьканың қатынының көзінен жас емес, қан тамып ол отыр… қараңқалдық тура! Жарық дүниеден түңіліп кеткің келеді! Қайырымды мырза, жақсыдан шапағат деген, босата гөрші оны! –Сенің өзің ақымақпысың әлде жындымысың?– деді доктор оған ашуланып. –Мен оны қайтіп босатпақпын? Ол қамаудағы адам ғой! Кирила жылап жіберді. –Жіберші оны! –Тфу, кеңкелес! Менің қандай қақым бар? Мен түрме қызметкері емеспін ғой. Оны ауруханаға әкелсе емде деп әкелді, мен емдеп жатырмын, сені түрмеге жабу қолымнан қалай келмесе, оны босату да солай қолымнан келмейді. –Оны тектен текке қамап отыр. Соты болам дегенше, білесің бе, бір жыл тергеуде жатты, енді кеп қарасақ, неге жатқанын өзіміз де білмейді екенбіз. Егер кісі өлтірсе, немесе, жылқы ұрласа бір сәрі ғой, жазықсыздан жазықсыз күйіп барады. –Солайы солай шығар, бірақ менің бұл арада қатысым қанша? –Адамды не үшін қамағандарын өздері де білмейді. Ол ішіп алған болатын, құрметті мырза, ес-түсі жоқ мас боп кеп әкемді құлақ шекеден қонжитқанын, өзі шекесін жарып алғанын да білмейді, ал біздің тағы бір екі жігіт кеп –әлдеріне қарамай, қарасаңызшы, түрік темекісіне құмарта қапты – сол екеуі оның басын