ҚАРАҢҒЫЛЫҚ (А.П. ЧЕХОВ)

апты. Маңай жым-жырт, тек алдыңғы жақтағы кеудесіне нымша, басына елден-ерек үлкен картуз киген шалдың жөтелгені мен айдап бара жатқан сиырына әлде не деп айғайлағаны ғана естіледі. –Хал жақсы ма, атай,–деді Кирила онымен қатарласа беріп. –Жақсы, жақсы… –Сатқалы айдап барасың ба? –Жоқ, ерігіп… –Шал самарқау жауап берді. –Мақаусың ба, немене, өзің әзер тіл қатасың ғой? Сөз тиегі ағытылды. Кирила ауруханаға барғанын, доктормен сөйлескенін айтып берді. –Оның расы рас, доктордың бұл іске қатысы жоқ, –деді шал екеуі қалаға ене бергенде. Ол қанша құзырлы болса да, тек әртүрлі амалмен адамдарға ем-дом жасауды ғана оқыған, ал, саған пәлендей ақыл-кеңес беруге, немесе, айталық, пратокол толтыруға келгенде, жоқ, оның шамасы жетпейді. Оның өз алдына бастықтары бар. Бітістіруші сот пен становойда болып кепсің. Сенің ісіңде бұлардың өзі дірмәнсіз. –Сонда қайда бару керек? –Сендердің крестьяндық мәселелеріңе бас-көз болсын деп арнайы мүше етіп қойған ең дәу бар. Соған жолық. Синеоков деген мырза. –Золотоводағы ма? –Иә, Золотоводағы. Ең дәулерің сол. Мәселе сендердің істерің жайлы болғанад,, оған исправнигің де қарсы келе алмайды. –Е, жердің түбіне барасың десейші!.. Он бес шақырымнан көп болмаса, аз болмас сірә. –Қажет болса жүз шақырымға да жүгіріп кетерсің. –Ол рас қой… Сонда, өтініш берем бе, қайтем? –Барғасын білерсің. Өтініш бергің келсе, писарь лып еткізіп жазып бере қояды. Тұрақты өкілдеріңнің жазып отыратын арнайы адамы бар. Шалмен айрылысқаннан кейін Кирила алаң ортасында ойланып біршама үнсіз тұрды да, қаладан шығып жүріп кетті. Не болса да Золотовоға барып қайтуға бел байлады. Арада бес күн өткенде, ауруханадан үйіне қайтып келе жатқан доктор өзінің ауласында тұрған Кириланы тағы көрді. Бұ жолы жігіт жалғыз өзі емес, жанына басы қалтаңдаған, екі ерні тынымсыз жыбырлап тұратын, өңі боп-боз тыриған арық шалды ертіп апты. –Құрметті тақсыр, сенің алдыңа тағы келіп тұрмын, –деп бастады Кирила. –мына әкемді де ерте келдім, рақым жасап Васьканы босатып бер! Тұрақты өкіліміз сөйлеспей де қойды. «Жоғал әрмен!» деді. Бар айтқаны осы. –Құзырыңызға құлдық! –деді шал көмейінен ысылдай сөйлеп, дір-дір еткен қолын көтеріп. –Рақым ете көріңіз! Сіңірі шыққан кедей адамдар едік, қайырымдылығыңызды қайтара алар жайымыз да жоқ, бірақ, жақсылығыңызды атаусыз қалдырмаспыз, Кирюшка немесе Васька жанын салып жалданар. Босатсаңыз аянбас. –Аянбаймыз! –деді Кирила ант беріп тұрғандай қолын жоғары көтеріп. – Тек босата гөр! Үйдегілердің аштан қырылатын түрі бар. Еңірегенде етектері жасқа толып отыр! Жанары жылт етіп жігіт әкесіне көз тастады да, оның жеңінен түртіп қалды. Сол сол-ақ екен екеуі апыр-топыр доктордың аяғын құшып қатарласа құлай кетті. Доктор қолын бір сілтеді де, артына да қарамастан тез-тез басып есікке қарай беттеді.            

Pages: 1 2 3 4 5