Қыр басынан қарағанда біздің шағын ауыл әлдекімнің дорбасынан түсіп, шашылып қалған асықтай бытырап жатады. Мұндағы үйлердің жалпы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанмен, барлық жердегідей әр шаңырақтың тағдыры әр түрлі, әр басқа. Мұнда небары отызға жуық қана түтін бар. Сол отыз үйден таңертең, кешке отыз түтін будақтағанда ауыл үстін кәдімгідей бозғылт тұман басып, жапырайған жатаған үйлерді көгілдір пердеге орап көзден тасалайды. Балалық шақтың қызығы мен қиындығы жайлы, өткен өмірдің жүрекке тастап кеткен қуанышы мен қайғысы туралы, әсіресе, соғыс жылдарындағы күлкіге сараң, мұңға жомарт қысталаң да ауыр шақтары жайлы талай шығармалар жазылып, талай фильмдер қойылды. Міне, анау мұнартып жатқан — мен туған ауыл. Ол ауылды кезінде жұрт әр түрлі атайтын. Біреулер «Кішкентай ауыл» деп, біреулер «Әумесерлер ауылы» деп атады. Ал баз біреулер «Демесін ауылы» деп айдар тақты. Қалай болғанда да, бұл ауыл ешбір ауылға ұқсамайтын еді, сондықтан да оның атын естіген адам елең етпей жайбарақат қалмайтын. Адам баласының бәрі бірдей туылып, әркім әр басқа өледі. Қыр басындағы мына қорым — осы кішкентай ауылда туып-өскен адамдардың мәңгілік қонысы. Олар да бір кезде шыр етіп анадан туды, тәй-тәй басты, ата-ананың қуанышы болды, қайғысы болды, біреуді ұнатты, біреуді жек көрді, өмірден бірде жақсылық, бірде жамандық көрді, өмірдің бір сәтінде тентек болды, бірде ақылды болды, сөйтіп, «тіршілік» деп аталатын мына жалғанда көзі жұмылғанша тырбанып өтті. Қазір оларды ешкім білмейді. Бір кезде осы өмірдің қожасы боп, жер сарайын дүрілдетіп жүрген жандар қазір жым-жырт, өздері туылған кезге дейін қалай белгісіз тозаң боп ұшып келсе, енді сондай белгісіз, тылсым тозаңға қайта айналған. Күні кешеге дейін, кеудесінен жан шыққанша жер үстіндегі алдамшы тірліктің қызығына шынымен сеніп, мәңгі жасайтындай шынымен алысып-жұлысып келген екі аяқты жұмыр басты аңғал пенделер қазір қайда кетті? Олар кімге айналды, неге айналды? Ешкім де білмейді… Хан да өткен, қара да өткен, қайыршы мен бай да өткен, данышпан мен ақымақ та өткен, сөйтіп барып бәрі-бәрі ана дүниеден әділет тауып, бәрі бірдей кәдімгі қаңқа сүйекке айналған адамдар енді ғана теңелгендей топырақ көрпелерін қымтай жауып қыр басындағы «енді бәрібір» жалғанның құшағында үн-түнсіз жатыр. Сол қу сүйектерді суырып алып, олардың бойын, салмағын, бет-әлпетін, тіпті, ұлтын да ажыратуға болар, бірақ кім ақылды, кім данышпан екенін ешкім біле алмақ емес. Өйткені, оның енді қажеті жоқ, ал ана дүние олардың кім болғанына пысқырып та қарамайды. Ал мынау — Демесіннің моласы. Тірлігінде оны жұрт «жынды» деді, «Әумесер, есалаң» деді. Бірақ оның көзі жұмылған сәттен бастап, төңіректегі барша адам ұзақ уақыт ойланып қалды. Ал ол болса, өзін «тыныштық күзетшісі» деп атаушы еді. Шынында да, кім едің сен,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39