КЕШ ТУҒАН ЖҰЛДЫЗ

Шым-шытырық ойға шомып жатып, жаңа ғана көзі ілініп еді. Түсінде әлдекім алқымынан алып, буындырып жатыр екен. Қанша бұлқынса да босатар емес. Айғайлайын десе үні шықпайтын тәрізді. Тұншығып барып Кәмшәт шошып оянды. Басқа орын таппағандай дәл алқымының астына зілдей ала мысық бұйығып жатып апты. Ол мысықтың белінен ұстап аяқ жаққа лақтырып жіберді. Ұйқысынан әлі оянып бітпеген байғұс есік жақтағы алашаның үстіне топ ете түскенде лақтыруын лақтырса да мысықтың «биық» ете қалғанын есітіп оған жаны ашыды. «Қап байғұсай-ә, обал болды-ау, — деді ішінен. — Сорлы деймін-ау өзі, несі бар екен кісінің дәл алқымына тығылып»… Таң атуға әлі көп уақыт бар сияқты. Ай үй артына әлі ауа қоймаған. Дірілдеген күміс сәуле қос терезеден жарыса құйылып тұр. Кәмшәт ентігіп біраз жатты. Әлгі көрген түсінен қалжырап-ақ қалыпты. Маңдайынан шып-шып шыққан терді алақанымен сүртіп жіберіп, бір қырына аунап түсті. Үй ішіндегілер алаңсыз ұйқы құшағында. Ол басын көтеріп, ағаш кереуеттің үстіне тұрып отырды. Бейнебір желді күнгі қураған қамыстың мазасыз шуылындай бір ызың құлағынан кетер емес. Бағана киімшең жатыпты. Ол сыртқы кеудешесін шешіп тастап, «уф» деп демін терең бір алды. Сонан соң маңдайын қолымен тіреп, бірнеше минут қимылсыз отырды. Қайта жатты. Төбеге қарады. Сай-сай боп ағараңдап паруздар көрінеді. Терезеден төрге түсіп тұрған ай сәулесі бірте-бірте есік жаққа ысырылып барады. «Біздің үйге де ай сәулесі дәл осылай түсуші еді-ау, деді Кәмшәт. «Біздің үй» деген сөз ол үшін әрі ерсі, әрі жат боп көрінді.— Ермекбайдың ұйқысы да қатты еді-ау. Оның үстіне аузын ашып ұйықтайтын. Бетіне ай сәулесі түскенде терезенің пердесін жауып қоймайтын ба еді? Кей кезде ол оянып кетіп: «Кәмшәт, сен қайда барасың» деп қалғанда қорыққанымнан селт ете түсуші едім ғой. Сол кезде ол: «О батырым менің, осынша ержүрек болмасаң қайтеді» дейтін. Кәмшәт терең бір күрсініп, орнынан ақырын көтерілді. Терезені шалқасынан ашып қалғанда әйнек сыртынан қамалап тұрған салқын ауа тоғаны бұзылған судай ішке лап қойды. Келіншектің бойы сергіп, жаны жай тауып қалды. Таза ауамен кеудесін кере дем алды. Далада тыныштық. Тауық күркенің қарсы алдында Құттөбет жатыр. Созылған алдыңғы екі аяғына иегін қойып, ол да тыныш ұйқыға шомыпты. Ай жарығымен мүйізі шағылысып әріректе сары сиыр жатыр. Сол ғана ояу. Анда-санда бір ыңқылдап, керенау күйсейді. Кәмшәт терезені жауып, орнына келіп жантая кетті. Кереуеттің сықыр ете қалғанына үй ішіндегілердің бірі оянып кетпеді ме екен деп ашық есіктен келесі бөлмеге қарады. Бірақ, олардың бірде-бірінің қозғалар түрі жоқ, көшіріп әкетсең де сезер емес. Ол өткен өмірін еске алғысы келмеді. Ермекбаймен бірге тұрған кездердің тәтті белестерін ойлаған сайын, әлі күнге шейін жанын тікендей шабақтайтын ащы да

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66