ауылда ойнап-күліп жүріп жатқан боларсыздар…» Бұдан соң ол өздерінің дін амандығын, жауды еңсеріп қуып бара жатқандықтары, Сталин қайда болса, жеңіс сонда болатынын, Сталиннің елін жаулап алу мүмкін еместігін, Сталин үшін ойланбай өлімге бас тігетіндерін, Сталинге тіл тигізген адам о дүниеде тозақ отына күйетіндігіне кәміл сенім білдіре жазыпты. Жұрт түгел жылады. Ол кезде адам біткен жылауық болатын. Ардақ Ормантайдың қасына кеп: — Мұныңыз не? — деді, — оның әкесінен хат келген жоқ еді ғой. Ормантай толқып тұр екен. — Басқа амалым болмады, — деп жауап қатты ол. — Оның шешесі енді қайтып келмес. Бала көңілін аулайын деп хатты өзім жазып ем… Қайтеміз, жыртық көңілді кейде осылайша жұбатуға тура келеді… Ардақ үндемеді. * * * Бар жиһазы бір стол, үш орындық, бір сәкіден тұратын колхоз бастығының жадау кабинетінде Ормантай, Ардақ тағы екі-үш актив отыр. Мұның «кеңсе» деген аты болмаса бір бөлме, бір дәлізден құралған сол кездегі ауыл арасында кеңінен тараған жатаған там болатын. Бірнеше жылға созылған соғыс дәулеті шағын шалғайдағы ауылды әбден титықтатып, жуанын жіңішкертіп, жіңішкесін үзер халге жеткізген еді. Адамдар әр күн, әр айдан үміт күтіп, енді бір сілкінсе, енді бір терін төксе жеңіске жетеміз деген үмітпен қамбалары мен қаптарындағы барын, есігінің алдындағы адалын азаматтар жолында садақа деп ойланбастан «соғысқа» аттандырып жатты. Біздің ауыл соғысқа тек адам ғана беріп қойған жоқ, оған тайлы-тұяғымен, еңбектеген бала мен еңкейген кәрісіне дейін, қатын-қалаш, қыз-қырқын, мал-жанымен, үмітімен, ниетімен, тілегімен, бүкіл болмысымен түгел қатысты. Соғысқа іште жатқан бала да қатысты. Өйткені төрт әйел ауыр жұмыстан түсік тастады. Ел басындағы осындай ауыр хал ұры-қарылар мен шпаналарды көбейтіп жіберді. Мал ұрлаушылар, кісі тонаушылар, бір таба нанға бола адам өлтірушілер де соңғы кезде көбейіп кетті. Бұл ауылдан да бірнеше мал ұрланып, Зейнеп үшті-күйді жоғалып кетті. Бұл оқиға Демесінге ерекше әсер етті. Ұрылар мен «пәшистердің» түп төркіні бір, өз сөзімен айтқанда, екеуін «бір зуаладан иленген қамыр» деп есептейтін Демесін соңғы күндері түнемеге ұйықтамай шығатын болды. Ол ауылды айнала шауып, таң атқанша тарс-тарс мылтық атып жұрттың үрейін алып бітті. Адамдар түзге шығудан да қалды. Бұл жағдайдан қандай жол табу керек деген мәселемен ауыл активтері Ормантайдың кеңсесінде таң азанмен мәжіліс құрып отырған беті еді. — Ел басына осындай күн туып тұрған шақта біз тағы да мәжіліс құрып, кісі күлерлік өрескел жайды талқылағалы отырмыз, — деді Ардақ қинала сөйлеп. — Өздеріңе белгілі, делқұлы Демесін атына мініп алып, түні бойы тарсылдатып мылтық атып, үш күннен бері ауылды айнала шауып шығатын болды. Бала-шаға, қатын-қалаш үрейленіп, даладан тықыр естілсе, ол үйге кіріп келетіндей түнемеге кірпік ілмейді.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39