Ауыл советінің председателі ретінде мен колхоз басқармасының шұғыл шешімін қабылдауын талап етемін? — Ал не деп кеңес бересіңдер сонда? — деді Ормантай шарасыз кейіппен. — Жолдастар, не істеу керек екенін қысқа ғана айтыңыздар. Сөз сауып отыратын уақыт жоқ! — деді Ардақ терезенің пердесін ысырып. Жарық молая түсті. Ешкім тіс жарып, үн қатпады. — Ореке, алдыңғы күні ауыл шетінде тұратын шалдың келіні Демесін делқұлымен мал қорада бетпе-бет кездесіп қалып, талып түсіпті. Сол байғұс бүгін бала тастады, — деді Хадиша. — Менің балам да хал үстінде жатыр. Демесін келе жатыр, қашыңдар деп түнімен сандырақтап шығады. Әкесінің өлгенін де естіген жоқ. Еститіндей есін жия да алмай жатыр. Оның сөзін Әкімбек іліп әкетті. — Өреке-ау, кемпіріміз екеумізді есекке қоржын ғып байлап өлтіре жаздағаны есіңізде ғой. Енді бұдан артық не керек? Оның қолында мылтық бар. Қазір Демесін делқұлы кіріп келсе, сіз екеумізді тұрған жерімізде-ақ… Қазақтағы «кімді айтсаң — сол келеді» деген мақалдың таза өмірден алынғандығын іс жүзінде дәлелдегісі келгендей дәл осы сәтте есік айқара ашылып, қолында дорбасы бар Демесін кіріп келді. Әркім тұрған-тұрған орнында қатып қалды. — С-саған… не керек, ж-жолдас… — деп Ардақ кейін шегіншектей беріп еді. Демесін жұлып алғандай: — Мен саған жолдас емеспін! — деді гүж етіп. — Ор-еке-ау, бірдеңе десеңші, мынаның түрі жаман ғой, — деп, Ардақ «бәледен» аулақ болу үшін кеңсенің түкпіріне қарай жылыстады. Ормантай орнынан тұрып, оның қасына жақындады. — Мынау не? — деді ол оның дорбасын ұстап. — Оқ, — деді ол солдаттарша сарт жауап беріп. — Көп қой өзі. Мұның бәрін қайтесің? — Атам! — Кімді, батыр-ау? — Соғысты! — Соғысты? — Иә, соғысты атам! — Жындымысың деген, соғысты қалай атпақшы? Демесін дауыс шыққан жаққа қарады. Оны айтқан Әкімбек Демесіннің зәріне шыдай алмай, ойланбастан столдың астына қойды да кетті. — Кім оны айтқан? Кім жынды? Мен бе? Мен жынды емеспін. Жынды мына сендерсіңдер. Иә, сендерсіңдер! Соғыс мені атады, ал мен оны неге ата алмаймын? Атамын! Міне, былай атамын! Демесін иығынан мылтығын ала бастағанда Ардақтан басқалардың бірі стол астына тығылып, екіншісі тура «өлімге бас тігіп», Демесін арқылы сыртқа сатыр-сұтыр қашып құтылды. — Ей, батырекесі, болды, болды! Жұрттың зәресін алма. Мылтық ататын жер бұл емес, ана жақта, — деді Ормантай алысқа қолын сілтеп. Демесін оған төніп келді де: — Иә, сол жақта. Мені соғысқа жібер. Мен соғысқа барам, — деді жау қуғандай аптыға сөйлеп. Әкімбек стол астынан тіл қатты: — Өзі сұранып тұрғанда жібере салайық та соғысқа… — Дұрыс айтады, өз-ім сұранып тұрмын, — деді Демесін елігіп. — Жоқ,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39